- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақпарат министрлігі журналист...
Ақпарат министрлігі журналист студенттердің практикадан өтуіне көңіл бөледі
Журналистика мамандығында білім алып жатқан студенттердің түрлі медиасалада практикадан өтуіне жағдай жасалмақ. Бұл жайлы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев "Қазақстанның медиа саласын дамыту" тақырыбында өткен кеңесте айтты.
Вице-министрдің айтуынша, ақпарат министрлігі былтыр 2020-2021 жылдарға арналған адам капиталын дамыту жөніндегі бағдарлама аясында арнайы жоспарын бекіткен. Осы жоспар бойынша медиасалада жүрген мамандардың білігі мен білімін көтеру іс-шаралары жоспарланған.
"Былтыр пандемияға байланысты оқыту курстары мен шеберлік сыныптарының көбі онлайн форматта өтті. Мұндай форматтың оң, тиімді жағы көп екенін аңғардық. Мәселен барып оқитын курсқа қарағанда онлайн курсқа екі-үш есе көп адам қатысатыны байқалды. Тағы бір тиімді тұсы, алыс аймақ пен регионалды өлкеден келетін қатысушыларға курсқа көп жеңілдік болғаны. Олар келіп-кетуге шығындалмай, қажет білімді қашықтан алды", - дейді Кемелбек Ойшыбаев.
Арнайы жоспар шеңберінде биыл да медиамамандардың сауаты мен білімін шыңдау, білігін арттыру бойынша шаралар жасалмақ. Солардың арасында – журналистика мамандығында білім алып жатқан студент жастардың практикадан өтуіне жағдай жасау. Осы мақсатта мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары студент жастарға журналистиканың тағылымдамалық, қолданбалы қыр-сырын үйретуге мүмкіндіктер ұйымдастырмақ.
"Мәселен, Қазақстан ұлттық телеарнасының "Таңшолпан" бағдарламасында студенттерге арнайы айдар ашу жайлы ұсыныс бар. Шәкірттерге видеосюжет жасаудың жолдары үйретіледі. Интернет басылымдар мен ақпараттық ресурстардан да практикадан өткізудің жолдарын қарастырып жатырмыз", - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, ЖОО-да журналистика мамандығын тәмамдаған студенттердің 50 пайызға жуығы мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Сондықтан осындай шаралар бұл кемшіліктің алдын алуға бағытталмақ.
"Қазір студенттердің медиасауатын ашу үшін жоғары оқу орындарына журналистика саласында жұмыс істеген білікті мамандарды шақыру арқылы мастер-класс, арнайы курс өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар да студенттерге медиапрактиканы үйретіп, жастардың өзі оқып жатқан саланың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік бермек", - деді Ойшыбаев.
Қ. Слямбек