11 қараша – Халықаралық энергия үнемдеу күні

11 қараша – Халықаралық энергия үнемдеу күні
Фото: azattyq-ruhy.kz

Бүгін – Халықаралық энергия үнемдеу күні. Бұл мерекені бекіту туралы шешім 2008 жылы сәуірде Қазақстанда өткен SPARE үйлестірушілерінің халықаралық кеңесінде қабылданды. Ал 2008 жылдың қарашасында әлемде бірінші рет энергия жабдықтау күні атап өтілді.

Аталмыш мереке халықаралық мәртебеге ие. Бұл жобаға қатысуға шамамен 20-ға жуық ел ниет білдірген. Мерекенің негізгі мақсаты – ресурстар мен энегия көздерін тиімді пайдалану үшін билік пен қоғамның назарын аударту.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатын іске асыру. Бұл сала әлемдік энергия тұтынудың өсуі және "жасыл экономикаға" көшу қажеттілігі жағдайында басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Әлемдік экономика мен әлем халқының өсуіне байланысты энергияға деген қажеттілік артып отыр. Мысалы, соңғы ширек ғасырда жалпы әлемдік энергия тұтыну 56%-ға артқан. Қазіргі уақытта энергия тиімділігі – әлемдік экономиканың басты тренді, ол экономиканы технологиялық дамытудың, жаңғыртудың және әртараптандырудың барлық аспектілерін, ең бастысы экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігінің өсуін қамтиды.

Жасыл экономикаға жүйелі көшудің басты сәттерінің бірі – энергия тиімділігі. Қазіргі уақытта ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығының көрсеткіші бойынша Қазақстан неғұрлым жоғары мәндері бар елдердің қатарында. 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында Қазақстанның ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2025 жылға қарай кемінде 25%-ға төмендету жөніндегі міндет айқындалған.

Н. Үсенова