Бейбіт жиналыстардағы БАҚ жұмысын реттейтін ережелер қабылданды

Бейбіт жиналыстардағы БАҚ жұмысын реттейтін ережелер қабылданды
Фото: kaztag.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиналыстардағы БАҚ жұмысын реттейтін ережелер қабылдады. Тиісті бұйрық 14 тамызда шығарылған.

Министрлік айтуынша, ережелер ЮНЕСКО-ның Бейбіт жиналыстарда журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ұсыныстарын ескеріп жасаған. Бұйрықтағы қағидалар БАҚ-тың жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдастырушылармен және жиналысқа, митингіге қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін белгілейді. Мұндағы негізгі ережелер мынадай:

1) журналистің кәсіби қызметін қамтамасыз ету үшін (сұхбат беру, брифингтер) жергілікті атқарушы орган журналистерді БАҚ үшін жедел баспасөз орталығымен қамтамасыз ету, сондай-ақ бейбіт жиналыс өткізу кезінде өз өкілінің қатысуы жөнінде шаралар қабылдайды;

2) БАҚ үшін жедел баспасөз орталығына бірыңғай талаптар белгіленеді;

3) айырым белгілерінің нысандары белгіленеді.

Құжатта сондай-ақ полиция қызметкерлері БАҚ өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек делінген.

Ережеге сай, егер митинг, бейбіт шеруге 200-ден астам адам қатысса, журналистер кемі бір күн бұрын жергілікті әкімдікке акция орнында жедел баспасөз орталығын ұйымдастыруына өтініш бере алады. Министр Аида Балаева бұл шараның БАҚ-қа спикерлерді дайындауға, керек ақпарат, байланыс нөмірін табуға көмектеседі деп түсіндірген еді.

Сондай-ақ, митинг не шеруден ақпарат таратуға барған журналистерде қызметтік куәлікпен бірге мына үш айқындауыш заттың біреуі болуы қажет:

– жарыққа шағылысатын жолақтары және Press деген жазуы бар ашық көк түсті жилет;
– немесе Press деп қарамен жазылған ашық сары түсті таңғыш;
– немесе жарыққа шағылысатын сұр түсті матадан тігілген Press деген жазуы бар көк жапсырғыш.

Еске салайық, бұған дейін бейбіт жиналыстардың ұйымдастырушыларына қойлатын талаптар жарияланған еді. Оған сәйкес, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың кеудеше, жапсырма сияқты айырым белгілері болуы керек.

Massaget