Мүгедек жандардың ақпаратқа қол жеткізу мәселесі талқыланды

Мүгедек жандардың ақпаратқа қол жеткізу мәселесі талқыланды
Фото: pavlodar.atameken.kz

Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 400 мыңнан астамы еңбекке жарамды. Ал олар ақпаратқа қалай қол жеткізіп жүр? Күні кеше Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, мүгедек жандардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Онлайн форматта өткен отырысқа орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектордың, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) ақпараты бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың сайттары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеткілікті түрде бейімделмеген. Отырыс барысында бұл мәселені шешудің жолдары қаралды.

ЕХӘҚМ мәселені шешудің бір тетігін ұсынды. Біріншіден, ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар үшін веб-қолжетімділіктің ұлттық стандарттарын Web Content Accessibility Guidelines 2.1 халықаралық стандартына сәйкес келтіру қажет. Одан кейін аталған тұлғалар тарапынан веб-ресурстарды тестілеуден өткізу керек.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева уәкілетті орган тарапынан жүйелі жұмыс пен тығыз ведомствоаралық іс-қимыл бірқатар мәселелерді шеше алатынын атап өтті.

Ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша қабылданған және жоспарланған шаралар туралы квазимемлекеттік сектор тарапынан – "Жолаушылар тасымалы" АҚ және "Қазпошта" АҚ өкілдері де баяндады.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның ақпараты бойынша вокзалдар қызметіне мүгедектердің кедергісіз қол жеткізуін іске асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленген. Ол жоспар бойынша тактильді жолдарды салу, Брайль шрифтін қолдана отырып тақтайшалар орнату және тактильді-дыбыстық мнемосұлба сатып алу қарастырылған.

"Қазпошта" АҚ 2021 жылы Post.kz және Kazpost.kz ресурстарын мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бейімдеуді, ал ағымдағы жылдың соңына дейін Telegram чат-ботта клиенттерден дауыс және бейне сұрауларды қабылдау функцияларын іске қосуды жоспарлап жатқандарын алға тартты.

Елімізде мүгедек жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар бар. Бұл жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жыл, 28 мамырдағы №326 қаулысымен бекітілген. Қазіргі таңда осы қаулы бойынша мүгедектер мүддесін және құқығын қорғау басты назарға алынып келеді.

Н. Үсенова