Биыл жұмысшы жастарға 1 мың пәтер берілмек

Биыл жұмысшы жастарға 1 мың пәтер берілмек
Фото: www.astana-akshamy.kz

Былтыр Қазақстанда жастар жылына орай жұмысшы жастарға жаппай жалдамалы пәтер беру бойынша арнайы бағдарлама іске қосылған еді. Бағдарламаға сай, үш жылдың ішінде қазақстан жастарына 3 мың жалдамалы пәтер берілуі тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасылық табыстың түрлі деңгейіне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырған еді. Жасалған Қазақстанның тұрғын үй саласын дамыту моделіне үңілсек, биыл жастарға 1 мың жалдамалы пәтер беруге 7,2 млрд теңге бөлінген екен.

- жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары;

- Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында соңғы 2 жылдан кем емес тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелгендігін растау (осы қалаларда тұрғын үй алуға үміттілер үшін);

- құлау (қирау) қаупі төнген авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының өтініш беру алдындағы 2 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға алылған үйі, меншік құқығында тұрғын үйінің жоқтығын растау;

- ережемен анықталған мөлшерде төлем қабілеттілігін растау;

- өзге талаптар ережелермен анықталады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша бөлінген 21,6 млрд теңгеге үш мың жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

2020 жылдың бюджетінде бір мың пәтер сатып алуға 7,2 млрд теңге қарастырылған:

- Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 2,5 млрд теңге (350 пәтер);

- Алматы қаласы бойынша – 2,5 млрд теңге (350 пәтер);

- Шымкент қаласы бойынша – 2,2 млрд теңге (300 пәтер).

Осы жылдың бюджетін нақтылау кезінде Қаржы министрлігі қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты екі мың жас азаматты қамтамасыз ету үшін 14,4 млрд теңге сомасында қосымша шығындар бөлуді қолдамады. Әкімдіктердің берген ақпаратына сәйкес, пәтерлерді биылғы жылдың соңына дейін беру көзделген. 2021-2023 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру аясында Қаржы министрлігіне үш мың жас азаматты қамтамасыз ету үшін 2021 жылға 21,6 млрд теңге сомасында бюджеттік өтінім жіберілді.

Қ. Слямбек