Министр: Қыркүйектен бастап оқушылар қашықтан оқиды

Министр: Қыркүйектен бастап оқушылар қашықтан оқиды
Фото: sputniknews.kz

Оқушылар мен студенттер қыркүйектен бастап қашықтықтан оқиды. Мұны ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің Facebook-парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.

- Күз айларында ОРВИ инфекциясы тарайтынын білеміз. Біз үшін оқушылар мен ата-аналардың, мұғалімдердің қауіпсіздігі басты орында. Сондықтан 1 қыркүйектен бастап еліміздегі мектептердің барлығы қашықтықтан оқыту форматымен оқитын болады, - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, қашықтықтан оқытудың күрделі мәселе екені рас. Оның ішінде алыс, шалғай ауылдардағы ғаламтордың жоқтығы сынды мәселелер бар. 

- Осы орайда екі нәрсені айта кеткім келеді. Біріншіден, шалғайда орналасқан, қауіп жоқ ауылдардағы шағын кешенді мектептің оқушылары штаттық режімде оқиды. Екіншіден, егер ата-аналардың өтініштері болса, онда бастауыш сыныптың оқушыларына арнайы уақытша сыныптарды ұйымдастырып беруге дайынбыз, - дейді министр.

Мұндай сыныптары санитарлық талаптарға сай болады. Мәселен, оқушының қызуы өлшеленеді, залалсыздандырылады, кварц шамдар орнатылады. Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін бір сыныпта 10-15-тен бала отырғызылмақ. Мектеп ауысымы мәселесі де қарастырылады.

- Ал колледж бен университет студенттері қашықтықтан оқиды, - деп кесіп айтты білім беру басшысы.

Қ. Слямбек