I-balaqai жаңа жобасының бірінші шығарылымында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин тікелей эфирде карантиндегі өмірдің қазақстандық отбасыларға қалай әсер ететіні, бұл жағдайды қалай дұрыс қабылдау керегі туралы ой бөлісті. Tengrinews.kz тілшісі сұхбаттың мәтінін дайындады.
Еске салайық, Alash Media Group медиахолдингі Montessori Qazaqstan Public Fund қатысуымен i-balaqai жаңа жобасын қолға алды. Онда спикерлер онлайн режимде тәжірибесін бөлісіп, пайдалы кеңестер мен ұсыныстар береді. Тікелей эфир аптасына екі рет, бейсенбі және жексенбі күндері, сағат 20.00-де Instagram-дағы Tengrinews.kz парақшасында шағады.
"Бұл індет болмаса, адамдар дәрігерлерді осылай құрметтемейтін еді, олардың еңбегін бағалай алмайтын еді, дейді көбі. Ата-аналар да қазір мұғалімдердің жұмысына көзқарасы өзгерді, себебі олар өз баласымен сабақ жасап жүр және мұғалімдерге балаға осы пәндерді түсіндіру қалай қиын екенін түсіне бастады, енді ересектер педагогтардың еңбегін бағалай бастайды", - дейді Аружан Саин.
Ол өзін-өзі күштеп, оқшауланып отырған адамдарға бұл қиындықты қалай еңсеруге болатынын айтып, мынадай кеңес береді:
"Менің ойымша, біз жағдайды өзгерте алмасақ, онда оған деген көзқарасты өзгерту керек. Бұл уақытты, әрбір минутты бағалай бастау керек. Мен жалпы фаталиспін, сондықтан әрбір уақытымды соңғы күн, сағат сияқты өмір сүру керек деп ойлаймын. Мүмкіндіктерің барынша дамитындай әр сәтті пайдалану керек.
Қалыптасқан жағдайға басқаша қарауға тырысыңыз. Өйткені, ертең шектеулерді алып тастағанда, сіз қайта жұмысқа ораласыз, балаларды күніне екі-үш сағат ғана көресіз, ал олар қайта әңгімеге, отбасылық қарым-қатынасқа мұқтаж болады. Қазір балалармен таңнан кешке дейін құшақтасып, бір іспен бірге айналысуға тамаша мүмкіндік бар".
Сондай-ақ Саинның айтуынша, карантин адамдарды бақыт үшін көп нәрсе керек те емес екеніне сендірді.
"Адамдарға бақытты болу үшін көп киімнің қажеті жоқ болып шықты, жаңа гаджеттерді ала берудің де керегі жоқ. Мұның бәрі шын мәнінде кім екенімізге байланысты емес. Енді адамдардың көбі күнде сауда орталығына барып, ақша жұмсау міндетті еместігін түсінді", - дейді сұхбаттасушымыз.
Ол балаларды жиі мақтауға кеңес берді, тіпті оның қолынан келмей жатса да, келесі жолы жақсы болатынына сенім беру маңызды.
"Анасы балаға "енді қалай өмір сүреміз, сені қалай тамақтандырамын, бәрі жаман" десе, ол анасының бақытсыздығына кінәлі екенмін деп ойлай бастайды, себебі оны қалай асырайтынын білмейді", - деп түсіндіреді балалар омбудсмені.
Аружан Саин өзінің отбасы карантин жағдайында қалай өмір сүріп жатқанын айтты. Оның тоғызыншы сыныпта оқитын егіз екі қызы бар.
"Басында үйренісу қиынға соқты, себебі олар балетпен айналысады. Қазір балет сабақтарын онлайн өтіп жатыр. Сонымен қатар, оларда басқа да қызығушылықтары бар. Қыздарымның біреуі карантинге дейін көркемсурет мектебіне баратын, екіншісі Алматы хайуанаттар бағында ерікті, биолог болғысы келеді. Дегенмен, олар барлық болып жатқан жағдайға түсінікпен қарайды. Бір жағынан қыздарыма оңайырақ, себебі олар екеу, ал отбасында бала жалғыз болса, әлдеқайда қиын сияқты, серіктес жоқ. Олар маған жақсы көмектеседі, үйдегі тазалықты сақтап, тамақ әзірлейді, үй шаруасы солардың мойнында. Өйткені қазір күні бойы түнге дейін жұмыстамын. Олар менің көмекшілерім, сол үшін оларға ризамын", - дейді Саин.
Карантин аяқталғаннан кейін ол бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінде өзіне қойған жоспарды орындауға бірден кірісіп кеткісі келеді. Аружан Саин үйірмелер мен секцияларды барлық қазақстандық балаға қолжетімді қылуды мақсат тұтады.
Эфирдің видео жазбасын YouTube-те TengriTV арнасында көре аласыз. Сондай-ақ, оқырман, көрермен және тыңдармандар сұхбат фрагменттерін Massaget.kz сайтынан, Zhuldyz FM, Tengri FM радиостанциясынан және 7 арнаның YouTube-тегі арнасында таба алады. I-balaqai жобасы аясында сізді түрлі подкаст, пайдалы мақалалар мен видео және тағы басқалар күтеді.
I-balaqai-дың келесі шығарылымы 19 сәуірде сағат 20.00-де Tengrinews.kz порталының Instagram-дағы аккаунтында тікелей эфирінде өтеді. Балалар психологиясы мен тәрбиесі туралы сұрақтарға Сколково әйелдер қауымдастығының президенті Гули Базарова жауап береді.