Төтенше жағдай режимі: Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин жарияланады

Төтенше жағдай режимі: Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин жарияланады
Фото: https://elements.envato.com/

ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия 2020 жылдың 19 наурызынан бастап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін енгізді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.

19 наурызда сағат 00:00-ден бастап мына шаралар күшіне енеді:

- карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

- карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау;

- адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу;

- үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

- халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;

- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;

- азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;

- санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, "клиенттерге дейін жеткізу" қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;

- ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;

- карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;

- карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;

- ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.


Артынша Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Facebook желісі арқылы қалада карантин қалай жұмыс істейтінін түсіндірді:

• Қала тұрғындары оқшаулауы тиіс
• Көшелерді, тратуарларды жуып, дезинфекциялау қажет
• Қоғамдық орындар мен тұрғын үйлерді дезинфекциялау керек
• Алматы аумағына адамдардың және көліктердің кіріп-шығуы шектеледі
• Қаланың кіре-берісіне 27 блок бекеттерін орнатылып, блоктарды полиция мен Ұлттық гвардия күштері күзетеді.
• Балабақшалар, азық-түлік сатпайтын базарлар, сауда орындарының жұмысы тоқтайды.

Massaget