Коронавирус белгілері байқалса, ауруханаға баруға болмайды

Егер инфекция симптомдары пайда болса, үйге жедел жәрдем шақыру керек.

Нұр-Сұлтан әкімдігіндегі пресс-конференцияда қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус белгілері байқалса, ауруханаға бармауға шақырды.

"Егер коронавирус белгілері байқалса, үйде болып, жедел жәрдем шақырған жөн. Өздігіңізден дәрі-дәрмекпен емделу мүмкін емес. Кореяда осындай жағдай болып, пациент емханаға барған. Осыдан кейін бұл клиника дезинфекция мен карантинге байланысты жұмысты тоқтата тұруға мәжбүр болған", - деді Сәуле Қисықова.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми инфографикасында Covid-19 инфекциясының белгілері ретінде мыналар жазылған:

– жөтел;
– температураның көтерілуі;
– пневмония;
– ентігу;
– құсу;
– диарея;

Прогрессия жағдайында өкпе, бүйрек жеткіліксіздігінен науқас өліп кетуі мүмкін.

Коронавирус қалай жұғады?

– науқас адаммен тікелей байланыс арқылы;
– түшкіру және жөтел кезінде;
– науқас адамның жеке заттарымен байланысқанда.

Еске салайық, бүгін, 13 наурызда Германиядан 9 және 12 наурыз күндері келген екі Қазақстан азаматынан Covid-19 инфекциясы табылды.