- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұр-Сұлтанда кәмелет жасқа...
Нұр-Сұлтанда кәмелет жасқа толмағандарға жол ақысы тегін болады
Нұр-Сұлтанда 18 жасқа дейінгі балаларға қоғамдық көлікте жол ақысы тегін болады. Бұл туралы CTS ("Астана LRT") компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердинов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Тұрғындар бұл мәселе бойынша бізге бірнеше рет келген. Менің айтып отырғаным - кәмелет жасқа толмаған балаларға жол ақысын тегін қылу. Бүгінде 7-15 жас аралығындағы балалар негізі заң бойынша 45 теңге төлеуі қажет болса да, 40 теңге төлейді. 15 жастан асқан балаларға жол ақысы - 90 теңге. Көптеген тұрғынға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға жол ақысы - үлкен мәселенің бірі. Сондықтан тасымалдаушы тарап 2020 жылдың 28 наурызынан отбасылық жағдайына қарамастан, кәмелет жасқа дейінгі балаларға жол ақысы тегін болады деген шешім қабылдады", - дейді компания басшысы Бекмырза Игенбердинов.
Ол автобуста көлік картасын көрсету жол ақысы тегін адамдар үшін де міндетті болып қалатынын ескертті.
"Осы мәліметтер негізінде біз бағыттардың дұрыс желісін құрудың негізгі элементі болатын жол жүру хат-хабарларын ала аламыз. Оқушылардың тегін жол жүруі тасымалдаушыларға қосымша шығын келтіреді. Жол ақысы тегін болуы басқа адамдарға жол ақысы ұлғаяды деген сөз емес. Әңгіме 2020 жылдың 28 наурызынан қабылданатын тариф туралы", - дейді компания басшысы.
Айта кетейік, "Астана LRT" ЖШС өз атауын да өзгертті. Қала басшылығы серіктестіктің атауын өзгертіп, ребрендингтің тиісті шараларын қабылдау туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы да серіктестік басшысы Бекмырза Игенбердинов мәлімдеді. Көлік компаниясы басшысының айтуынша, бұл шешім халықаралық тәжірибеге негізделіп жасалған. Ол бойынша мекеме атауы оның қызметін көрсетіндей әлемдік үрдістерге сәйкес оңтайлы болуы шарт.
"Астана LRT" ЖШС-нің жаңа атауы – City Transportation Systems. Қазақ тіліндегі аудармасы – Қалалық көлік жүйелері.
Н. Үсенова