Алматы әуежайында коронавирустың алдын алуға арналған оқу-жаттығу өтті

Алматы әуежайында коронавирустың алдын алуға арналған оқу-жаттығу өтті
Фото: Tengrinews.kz/Алихан Сариев

Бүгін Халықаралық Алматы әуежайында Қытайдағы эпидемияға байланысты оқу-жаттығу өтті. Жаттығуларды Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ұйымдастырды.

Оқу-жаттығудың желісі мынадай:

Ұшақ бортсерігі жолаушылардың бірінен коронавирус белгілерін байқайды. Сол сәтте экипаж диспетчерге "Scat" әуе компаниясының ұшағындағы жолаушы Ли Юн Цсюдың жөтеліп, дене қызуы көтеріліп, жағдайының нашарлағанын жеткізеді.

Бортсерік оның Алматыға Ухань провинциясынан ұшып келе жатқанын анықтайды да, оны қауіпті вирусты жұқтырды деп қауіптенеді.

Ұшақ Алматыға жеткенше экипаж науқасқа алғашқы санитарлық және эпидемияға қарсы шара жасайды. Ал Алматыда оларды әуежай қызметкерлері, Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, көлік департаментінің мамандары, карантиндік жұқпалы инфекциялар ғылыми орталығы, әуежайдың медициналық қызметі, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, жедел жәрдем бригадасы мен залалсыздандыру орталығының мамандары қарсы алады.

"Бұл шара профилактика мен коронавирус инфекциясын Қазақстанға тасымалдануын алдын алу үшін және әуежайдың медициналық қызметі мен санитарлық және эпидемияға қарсы мекемелердің дайындығын тексеру үшін өткізілді", - деп жазылған ресми баяндамада.

Дайындық кезінде вирус жұқтырған адам жанасқан көлік, ұшақ сияқты барлық затқа арнайы ерітінді шашылды.

Пневмония туралы Қытай билігі 2019 жылдың соңында хабарлады. Соңғы деректер бойынша, бүкіл Қытайда 830 адам ауырып жатыр, қайтыс болғандар саны – 26. Сондай-ақ коронавирус жұқтырғандар Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Вьетнам, Сингапур мен Таиландта тіркелген.

Massaget