Ерке Есмаханның бейнебаяны 100 миллион көрілім жинады

YouTube желісінде елімізге танымал әнші Ерке Есмаханның "Қайда?" әніне түсірілген бейнебаяны 100 миллион көрілім жинады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. 

Ерке Есмахан бұл жетістігі еңбегінің жемісі екенін айтып, өзінің тыңдармандарына алғысын жеткізді. "Әрине, қуаныштымын. 100 миллион көрілім – үлкен жетістік, өйткені, бұл менің ғана рекордым емес, қазақстандық YouTube-тың рекорды. Кешеден бері ата-анам, туысқандарым мен жақындарым құттықтап жатыр. Өте қуаныштымын. Бұл тектен-тек болған жоқ. Бала кезімнен өзімнің шығармашылығыма бар еңбегім мен махаббатымды төктім. Бұл жетістікке бір пайыз дарын мен 99 пайыз еңбек сіңді. Басқаша түсіндіру мүмкін емес", - деп пікірін бөлісті.

Атап өтсек, әнші Қазақстан YouTube желісіндегі өзге де жетістіктердің авторы саналады: оның 2017 жылы 9 маусымда жарияланған бейнебаяны жарты күн ішінде миллион көрілім жинады.

"Бұның бәрі тыңдармандарымның арқасы екенін білемін. Өйткені еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тыңдады. Концерттерге барғанымда бұл әнді жатқа айтып, бірге әндетті. Басқа не айтайын?! Мен барлығыңызды жақсы көремін, мен бақыттымын" - дейді әнші.

Естеріңізге сала кетейік, Ерке Есмахан өзінің хит әндерін алғашқы қазақстандық, ұлттық Máńgilik El Daýysy музыкалық шоуында шырқайтын болады.

Шоу 9 қараша күні, сағат 19:00-де Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Одан бөлек, алаңда Айқын, Нұржан Керменбаев, Raim & Artur, Мадина Садуақасова, Ерболат Құдайберген және ORDA тобы өнер көрсетеді.

Máńgilik El Daýysy жобасы барысында тыңдармандар қазақ эстрадасының әншілерімен бірге сүйікті әндерін шырқай алады. Әндердің сөзі арнайы экраннан көрсетіледі. Тыңдарман шоудың толыққанды қатысушысы бола алады.

Жоба ұйымдастырушысы – Pantograph продюсерлік орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, ақпараттық қолдау – Alash Media Group холдингі. 

Аталмыш шараға билеттерді ticketon.kz сайтынан алуға болады.

Máńgilik El Daýysy концертіне қалай билет ұтып алуға болады?