2020 жылы 200 теңгелік монета шығады

2020 жылы 200 теңгелік монета шығады
Фото: tengrinews.kz

Қазақстан Ұлттық Банкі 2020 жылы номиналы 200 теңгелік монетаны айналысқа шығарады, - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық Банктің маңызды міндеттерінің бірі қолма-қол ақша айналысында жүрген қолма-қол ақшаның сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл банкнотты эстетикалық тұрғыдан қабылдау, оның санитарлық қауіпсіздігі және қорғалу мәселесі.

- Төмен номиналдағы банкноттар 1-1,5 жыл ішінде тозады. Салыстыру үшін, жоғары номиналдағы банкноттар және монеталардың қолданылу мерзімі көбірек. Монеталардың қолданылу мерзімі – 10-15 жыл, - дейді Қолма-қол ақша айналысы департаменті басшысы Жомарт Қажмұратов.

Қолма-қол ақша айналысын тиімді ұйымдастыру және төмен номиналдардың қолданылу мерзімін ұлғайту мақсатында, Ұлттық Банк номиналы 200 теңгелік айналыстағы монетаны шығару туралы шешім қабылдады.

- Номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті. Олар табиғи тозуына қарай айналымнан алынатын болады», - деді Ұлттық Банктің өкілі.

Номиналы 200 теңгелік айналыстағы монеталарды айналысқа шығарудың жоспарланып отырған көлемі айналыстағы монеталардың жалпы сомасының 26%-ын құрайды.

Жаңа монетаның дизайны алдағы уақытта таныстырылады. 

Н. Үсенова