2020 жылдан бастап жәрдемақы көбейеді

2020 жылдан бастап жәрдемақы көбейеді

2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көбейіп, табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілі өзгереді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы Үкімет отырысында халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтып берді.

Министдің айтуынша, келесі жылы 1 қаңтардан бастап балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 42 мыңнан 72 мың теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді.

Көп балалы отбасылар табысы аз отбасылар қатарына енген жағдайда жәрдемақымен бірге атаулы әлеуметтік те (АӘК) берілмек. АӘК күнкөріс минимумының 70 проценті деңгейінде сақталады. Бірақ мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Еңбекпен қамту орталықтары ұсынған жұмыс орындарының жалақысын мемлекет төлейді және жеңілдетілген несие беріледі. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді.

"Атаулы әлеуметтік көмек алатындар зәулім үйлерде тұрып, бірнеше автокөлік тізгіндеп, үлкен көлемдегі жер учаскелеріне қожайын болған мысалдар бар. Бұл жағдайларға учаске комиссиялары жауапты. Сондықтан заң жобасында учаске комиссияларының көмекке мұқтаждықты анықтау белгілерін тағайындау үшін орталық атқарушы органның құзыретін қайта қарауды ұсынамыз", – деді министр.

2020 жылдан бастап табысы аз отбасылардың 1-6 жас аралығындағы балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалады. Әлеуметтік пакетке балалар тағамы, гигиена заттары, балалардың ой-қимыл жүйесін дамытқыш құралдар кірген. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі.

"Атаулы әлеуметтік көмек қиын жағдайға тап болып, одан өзі шыға алмаған адамдарға берілуі керек. Атаулы әлеуметтік көмекті тоқсан сайын тағайындап, сәйкесінше, үш айға шартты және шартсыз көмек белгілеуді ұсынамыз. Бұл атаулы көмек алушылардың табыстарын жасырып қалу мүмкіндігін болдырмайды, – деді Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында.

Биыл тоғыз айда атаулы 412 мың отбасыға немесе 2 миллион 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Оның 73 мыңы атаулы әлеуметтік алу үшін табысын "жасырғаны" белгілі болған.

Massaget