29 жасқа дейінгі жастарға арналған баспананы алу талаптары қандай?

Алматы қаласы әкімдігінде 29 жасқа дейінгі жастарға арналған тұрғын үйлердің жалға беру шарттары түсіндірілді. Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқарма  бастығының міндетін атқарушы  Айбек Сайділдаев тұрғын үйді жалға беруге қатысты сұрақтарға жауап берді.

Тұрғын үй Алматының қай ауданынан беріледі?

Бағдарлама аясында қолданысқа берілетін пәтерлер Алатау ауданындағы Көкқайнар және Саялы-2 ықшам-аудандарынан беріледі.

Тұрғын үй қашан беріледі?

Жоспарға сәйкес, ең бірінші бір бөлмелі 249 пәтердің кілті қазан айының соңында табысталады.

Пәтер қанша жылға беріледі?

Жұмыс істейтін жастарға жалдамалы тұрғын үй 5 жылға беріледі. Осы мерзім аяқталғанан кейін пәтерді босату керек. 5 жылдың ішінде жастар арзан бағаға (10 мың-12 мың теңге) пәтер жалдайды және осы уақыт аралығында өз баспанасына қаржы жинауға мүмкіндік алады. 

Баспана алудың шарттары қандай?

Жалға пәтер алу үшін өтініш берушілер жергілікті жерде тіркеуде болуы шарт (2 жыл). Баспанасы болмауы тиіс. Құжаттар электрондық форматта электронды цифрлық кілт арқылы ұсынылуы керек. Кірісі 101 мың теңгеден кем болмауы – шарт. Сонымен қатар банк шотының болуы ескеріледі, ондағы ақшаның соммасы әрі қанша және қалай қаржы салынатындығы да назарға алынады.

Баспана алу үшін қандай құжаттар керек?

• Өтініш;
• Жеке куәлік көшірмесі;
• Диплом көшірмесі (аттестат, колледж, ЖОО дипломы);
• Неке куәлігінің көшірмесі;
• Балаларының туу туралы куәлігі;
• Жылжымайтын мүліктің жоқтығын растайтын анықтама;
• Жұмыс істейтіндігін растайтын анықтама;
• Соңғы 6 айдағы жұмыс табысы көрсетілген анықтама.

Құжаттар қай уақыттан бастап қабылданады?

Құжаттар 23 қыркүйек-6 қазан аралығында қабылданады. 7-12 қазан аралығында құжаттар тексеріледі. 15 қазанда конкурсқа қатысушылардың тізімі жасалады. 16-22 қазан аралығында 5 жыл мерзімге берілетін пәтерлердің келісімшарты жасалады.

Өтініш берушілердің құжаттары бес жұмыс күні ішінде тексеріледі. Құжаттар толық болмаған жағдайда, толықтыру үшін тағы бір күн беріледі. Осыдан кейін, он жұмыс күні ішінде әкімдік ұпайларды есептеп, үміткерлердің тізімін жасайды.