- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Димаш концертінен түскен...
Димаш концертінен түскен қаржының бір бөлігін Арысқа аударады
Димаш Құдайберген Нұр-Сұлтанда өткен концертінен түскен қаржының бір бөлігін Арыстағы ағайынға көмек ретінде аударатын болды. Бұл туралы әнші концерт кезінде айтты.
- Өздеріңіз де білесіздер, өзіміздің қандастарымыз, бауырларымыз, Арыстағы ағайындарымыз қандай жағдайға түскенін. Сөздің шыны керек, көбісі менен сұрады, концерттің не керегі бар деген секілді айтылды. Бірақ, дегенмен алыс-жақын шетелден келіп жатқан қонақтарымыз бар. Соларды ескеру керек болды. Сондықтан Арысқа көмек ретінде осы концерттен түскен қаражаттың бір бөлігін аударамын деп шештім. Бұл сіздердің де көмектеріңіз боп саналады, ағайын - деді Димаш Құдайберген концерт кезінде.
Әншінің Арнау деп аталған жеке концерті Елорда күнін тойлауға арналды. Қазақтың дәстүрлі әндері, қазақстандық және шетелдік танымал композиторлардың әндері шырқалды. Димаш өзі шығарған әндерді де орындады. Ұйымдастырушылар 64 елден жанкүйерлер келгені жайлы ақпар таратты.
Телекөрермендер әншінің концертін 6 шілде күні Елорда күні қарсаңында Qazaqstan ұлттық арнасынан тамашалай алады.
Айта кетейік, 24 маусым күні Арыстағы әскери қоймада жарылыс болған еді. Оқыс оқиға салдарынан 3 адам қаза тапқан. Қала толықтай эвакуацияланып, 4 күннен кейін барып оралды. Қазақстандықтар қала тұрғындарына көмек қолдарын созуда.
Н. Үсенова