Арыстағы жарылыс. ҚР Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жариялады

Арыстағы жарылыс. ҚР Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жариялады
Фото: mod.gov.kz

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты ресми хабарлама жариялады.

- Ағымдағы жылдың 24 маусымында Түркістан облысы Арыс елді мекенінің жанында орналасқан ҚР ҚК-нің қару-жарақ қоймасының бірінде оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласты. Қазіргі уақытта зардап шеккендер жоқ.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Қорғаныс министрлігінің басшылығы атынан оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілді. Қарулы Күштеріндегі жеке құрамның күштерімен оқиғаның салдарын жою іс-шаралары ұйымдастырылды, - деп жазылған мәлімдемеде.

Еске салайық, бүгін Түркістан облысындағы Арыс қаласында әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болған еді. Қазіргі таңда жарылыс пен қаладағы жағдайға қатысты видеолар әлеуметтік желілерде тарауда.

Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде арнайы желі жұмысын бастаған. Шымкент қаласындағы 8/7252/44-94-72 телефон нөмірі бойынша тәулік бойы қажетті ақпаратты ала аласыздар. Сондай-ақ Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде де "Шұғыл желі" ұйымдастырылды: 8 (727) 278-20-83, 278-20-84.

О. Сансызбай