Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы басталды

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы басталды
Фото: Reuters

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы басталды. Елде сайлау учаскелері Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 7.00-де ашылып, кешкі сағат 20.00-ге (48 учаске таңғы 6.00-ден бастап ашылады) дейін істейді. Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бұған дейін ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істейтінін хабарлаған. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылады.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 9 маусымда алғаш болып Жапония және Кореядағы қазақстандықтар дауыс берген. Алдын ала дерек бойынша, Қазақстаннан тыс жерде 13 мың қазақстандық бар.

ОСК дерегінше, Қазақстанда сайлауға дауыс беруге құқығы бар 11 814 019 адам бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген.

Massaget.kz