Магистратура мен докторантураға түсу талаптары өзгерді

Магистратура мен докторантураға түсу талаптары өзгерді
Фото: pixabay.com

ҚР Білім және ғылым министрлігі магистратура және докторантураға оқуға түсу ережесіне қатысты мәлімдеме жасады.

Магистратураға гранттар келесі жылдан бастап үміткерлердің бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінетін болады.

Осыған дейін магистратураға гранттар жоғары оқу орындарынан тағайындалып, өздері тапсырма дайындап, емтихан өткізіп, түсту туралы шешімді өздері қабылдады. Енді магистратураға іріктеу GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан арқылы өтеді. Яғни үміткерлер Ұлттық тестілеу орталығы дайындайтын кешенді тест тапсырады. Тест нәтижелері бойынша саралау жүргізіліп, жоғары балл жинаған талапкерлер грант иеленіп, ерікті түрде өзі жоғары оқу орнын таңдайтын болады. 

Осылайша, "грант магистранттың соңынан ереді" деген қағида жүзеге асырылады. Бұл университеттер басекесін арттырып, гранттардың ашық және әділ таратылуына септігін тигізеді. 

Магистратура талапкерлеріне нақты білім беру бағдарламаларының тобын көрсету қажет. Сондай-ақ талапкерлер шет тілін тапсырады (осыған дейін де солай болған) және 2 салалық пән бойынша тестілер тапсырады.

Докторантура форматында үлкен өзгеріс жоқ. 

Талапкер докторантураның салалық пәні бойынша қай оқу орнына түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады, сонымен қатар шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсынады.

Мұндағы басты өзгеріс – енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL және т.б.) талап етіледі. Докторантура талапкерлері үшін шет тілі бойынша тестілеуді енді Ұлттық тестілеу орталығы өткізбейді.

Massaget.kz