- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 14 сәуір күні...
14 сәуір күні Республика көлемінде «студенттер күнін» тойлау туралы ұсыныс түсті
16 ақпан күні Шымкент қаласында «Н.Ә.Назарбаев феномені: саяси ұстанымы мен бастамалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған шараға отандық және шетелдік ЖОО-ның студенттері, магистранттары, докторанттары шақырылды.
Конференция барысында «Қазақстан студенттері альянсы» РСҚ қоғамдық бірлестігінің президенті Ілияс Түстікбаев студенттер арасында жиын өткізіп, ұйымның алдағы жоспарларымен таныстырды. Сонымен қатар, ертеңгі ел тізгінін ұстар жастардың арасында «студенттер күнін» бекітіп, бұл мерекені дәстүрлі түрде тойлау мәселесін алға тартты. Осы тақырып аясында massaget.kz тілшісі Ілияс Нұрболұлымен сұхбат жүргізді.
massaget.kz: Осы уақытқа дейін 17 қарашада халықаралық студенттер күнін тойлап келеміз. Бұл қауымға арнап екі бірдей датаны мерекелік күнге айналдырудың маңыздылығы неде?
Ілияс Түстікбаев: Көршілес бірқатар елдерде халықаралық студенттер күнінен бөлек мемлекет ішінде тойланатын «студенттер күні» бар. Елімізде белсенді жастардың қатары көп. Оған дәлел былтырғы «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне еріктілер тарапынан 5000 студенттің ұсыныс жібергені. Сол себепті, жастардың белсенділігін ескере отырып, біз ел ішінде студенттердің жеке мерекесін ұйымдастырғымыз келеді. Яғни, бұл бастаманың маңыздылығы: жастарды қолдау, еңбектерін бағалай отыра алдағы уақыттағы жұмыстарына шабыт беру. Мен бұл мерекені 14 сәуірде тойлауды ұсынамын.
massaget.kz: Не себепті дәл осы күн таңдалынып отыр?
Ілияс Түстікбаев: 2005 жылы Республика бойынша студенттердің алғашқы слеті өтті. Осы шара 14 сәуір күні барлық қазақстандық студенттердің басын біріктірген еді. Сол кезде бастауын алған шара бүгінгі күнге дейін белсенді түрде ұйымдастырылып келеді. Осы оқиғаларды ескере отырып, студенттер күнін 14 сәуірде тойлауды ұсынып отырмын.
massaget.kz: 15 сәуірде ғашықтар күні тойланады. Екі күнді қатарынан мерекелік датаға айналдыру сіздің ұсынысыңызға қиындық туғызады деп ойламайсыз ба?
Ілияс Түстікбаев: Дәл осы күнді таңдау барысында сіз қойған сұрақ мәселесі қарастырылды. Бізде 15 сәуір ресми демалыс беретін күн емес. Сол себепті, бұл мәселе қиындық тудырады деп ойламаймын. Бұл жағдай студенттер күнін 14 сәуірде тойлауға еш кедергі келтірмейді.
massaget.kz: Сіз басқарып отырған «Қазақстан студенттер альянсының» биылғы жылға арналған ең негізгі жоспары қандай?
Ілияс Түстікбаев: Биыл атқаратын жұмыстың жоспары жыл басында құрылып, осы жоспардағы тізім бойынша бүгін Шымкент қаласындамыз. Ұйымның әр жыл сайын ұйымдастыратын негізгі 5 жобасы бар. Биыл осы іс-шаралардың қатарына ҚР ІІМ қолдауымен «Жас сақшы» жобасын қостым. Маңыздылығы: қазіргі қоғамдағы жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Одан бөлек, жаз мезгілінде студенттерге арналған республикалық жазғы лагерь ұйымдастырылады. Шымкент қаласында немесе Бурабайда барлық белсенді студенттердің басын біріктіреміз деп жоспарлап отырмыз.
massaget.kz: Еліміздің болашақтағы тізгіншілерін мемлекеттік іске тәлімдеп, қазіргі уақыттан бастап жастардың санасына саяси білімді сіңіріп жатқандарыңыз үшін үлкен алғыс білдіреміз! Еңбегіңіз жемісті болсын! Әңгімеңізге рақмет!
А. Қажиев