- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Қыран-2018» байқауының жеңімпазы...
«Қыран-2018» байқауының жеңімпазы – 13-те
Көксеректі қолына үйреткен Құрмаштың бүгінгі замандасы 13 жастағы Бексұлтан Сейтжан республикалық "Қыран-2018" құсбегілер байқауында топ жарып, І орынды қанжығасына байлады.
Алматы қаласының ипподромында өткен ұлттық спорт түріне 10 аймақтан жиналған 60-қа жуық саятшылар қатысты. Олар үш күн бойы алысып кіл мықты да кім мықты екенін анықтады. Алғашқы кезеңде сайысқа қатысушылар құсты ат үстінен қолға қондыру, шырға тарту сынды өнерлерімен көзге түссе, келесі кезеңге жолдама алған бүркіттер қоян мен түлкіге шапса, қаршыға және ителгілер қолға шақырылып, көгершін аулады.
Үш күнге созылған додада топ жарғандар ақшалай сыйлықтармен марапатталды: Ғабит Таңат есімді азамат 2-орын алса, 3-орынды Мұратхан Дәулетхан қанағат тұтты. Айта кету керек, осы додаға ерлер ішінен топ жарып шыққан қара көзіміз Арай Алдоңғар да бар.
Естеріңізде болса, 3 жыл бұрын Әбен Тоқтасынұлы мен Сейітжан Байжүнісұлы атындағы Құсбегілердің республикалық турнирі өткен болатын. Осы жолғы жеңісті де алып отырған 13 жастағы Бексұлтан – Сейітжан қарттың немересі.
Ипподрамдағы құсбегілердің байқауы араға отыз жылдай уақыт салып қайта ұйымдастырылып отыр. Ол кездегі құсбегілердің қырандарын қасқырға салған. Бұл жолы өткен саятшылыққа 7 жастан бастап еңкейген шалға дейін ат салысып бақтарын сынаған.
Байқауға түскен құсбегілерді марапаттау бірнеше бөлім бойынша бағаланды: "Жас бүркітшілер", "Қаршығалар", "Сұңқар құстар", "Бүркітшілер".
"Бүркітті балапан кезінен баптадым және бүгінгі жарысқа үлкен дайындықпен келдім. Көңіл-күйім тамаша. Дайындықтың арқасында бүгін жеңіске жетіп отырмын. Тегінде бүркіт баптау оңай емес, асыл тұқымды жылқыны баптаудан да ауыр. Бұл менің алғашқы жеңісім", - деп жас бүркішті Бексұлтан Сейітжан ағынан жарылды.
«Қыран-2018» республикалық байқауы туралы суреттер сөйлесін
Қырағы қырандардан сескенген өзге құстар...
М. Ақан