ЭКСПО аумағында жаңа мұз айдын ашылды

ЭКСПО аумағында жаңа мұз айдын ашылды
Фото: nur.kz

"Астана ЭКСПО-2017" көрмесі өткен аумақта жаңа мұз айдын ашылды. Бұл Астана қаласы тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша демалыс орны болмақ, - деп жазады Nur.kz порталы.

Демалыс күндері коньки тебуге келген адамдардың қарасы көп. Елорда тұрғыны Виктор Клочков мұз айдынға екі немересін ерте келіпті. Оған дейін де бірнеше рет келген екен.

- Маған жабық кешеннен гөрі, осында, таза ауада коньки тепкен ұнайды. Біз бала кезімізде -25 градус суықта да сырғанайтынбыз. Сондықтан аса қатты суық түскенше келіп тұрамыз. Немерелеріме де коньки тепкен ұнайды. Мұз айдыны ашылғанын ести сала, бірден келдік, - дейді астаналық.

Мектепте оқитын Айғаным, Әлия мен Ажар жаңа мұз айдынға алғаш рет келіпті. Оларға бұл айдынның ұнағаны соншалық, алда жиі келіп тұратындарын жасырмады.

- Астанада жабық кешен мен осындай аспан астында коньки тебетін, сондай-ақ қыдыратын орындардың көптеп ашылуы көңіл қуантады, - дейді қыздар.

Жаңа мұз айдынға келгендер қатарында өзге қаладан келген қонақтарды да кездестірдік. Бадинур мен Рената ата-анасымен Астанаға Павлодардан келіпті. Алғашқы қыдырған орындары осы мұз айдыннан басталыпты.

- Бізге аспан астында, таза ауада, музыка тыңдап жүріп коньки тепкен ұнайды. Ерекше атмосфера тамаша көңіл-күй сыйлайды. Жаңа жылда да келіп, коньки тебу жоспарымызда бар, - дейді қыздар.

Айта кетейік, жаңа мұз айдынға келушілер қатарында балалар көп. Кешкісін мұз айдыны нағыз ғажайып орынға айналады. Түрлі-түсті шамдар мен танымал фильмдердің саундтрегі орындалып, ерекше көңіл-күй сыйлайды. Сондай-ақ алдағы уақытта осы маңайға елдің басты шыршасы орнатылатын болады.

Жаңа мұз айдынға кіру билетінің құны - 1000 теңге. Оқушылар мен зейнеткерлер үшін 50% жеңілдік қарастырылған. Студенттер үшін – 800 теңге. Ал 6 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Автокөлікпен келгендер үшін тұрақ 3 сағатқа дейін ақша алмайды.

Жалпы аумағы 4 000 шаршы метрді құрайтын мұз айдыны 700-ге дейін адам қабылдай алады.

Арнайы тоңазытқыш жабдығының көмегімен мұз айдыны +10 градус және одан төмен температурада да жұмыс істей алады. Бұл конькимен сырғанау маусымын келесі жылдың сәуір айына дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Мұз айдынының сапасы жоғары болуы үшін мұз құятын машиналар қолданылады.

Мұз айдынына келген Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары «Нұр Әлем» мен «Болашақ энергиясы» мұражайын да тамашалап кетсе болады. Себебі барлығы ЭКСПО көрме кешенінің туристік аумағында орналасқан. Билеттерді EXPO-2017 ресми сайтында (www.expo2017astana.com ) және ЭКСПО аумағында орналасқан кассалардан сатып алуға болады. Жұмыс күндері 12.00 мен 23.00 (техникалық үзіліс 16.00 – 18.00) аралығында, демалыс және мереке күндері 10.00-ден 23.00-ге (техникалық үзіліс 13.00-14.00, 17.00-18.00) дейін ашық болады.

О. Сансызбай