Массагет Қазнетте медиасерпіліс жасады

Массагет Қазнетте медиасерпіліс жасады
Фото: massaget.kz

Астанадағы «The Ritz-Carlton» қонай үйінде баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған байқауда Массагет сайты «Қазнеттегі Медиасерпіліс» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

«Үркер» сыйлығы биыл тұңғыш рет беріліп отыр. 15 номинациядан тұратын байқауда Массагет сайты «Қазнеттегі Медиасерпіліс» аталымы бойынша үздік шықты. Мәртебелі сыйлықтың негізгі кезеңіне «Nur.kz», «Massaget.kz», «Qazaquni.kz», «Atameken Business Channel» және «Vlast.kz» сайттары шыққан болатын.

Массагет сайты 2011 жылы 16 желтоқсанда ашылды. Одан бергі аралықта сайт авторлық фоторепортаж, видео, аудио-подкаст, инфографика жасап, оқырманға бірегей мультимедиялық контент ұсынып келеді. Оқырман мақаланы оқып, көріп, тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ "блогтар" бөлімі арқылы кез келген оқырман қазақ тілінде контент жасауға өз үлесін қосып келеді. Осы орайда Массагеттің барша оқырмандарын да осы бір жеңіспен құттықтаймыз!

Массагет сайтының 6 жыл ішіндегі жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде. 2013 жылы «Қазақ тіліндегі үздік сайт», сондай-ақ «Интернет-дода» байқауында Бас жүлдені иеленді. 2014 жылы "Халықтың сүйіктісі" Ұлттық сыйлығының лауреаты атанды. 2016 жылы Елбасы қорының атынан тағайындалған Үздік қазақ тілді интернет-сайт деп танылды. Ал биыл "Жастар әлемі" – жастар тақырыбына арналған үздік сайт аталымында 300 000 теңге сертификатын жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, "Үркер" сыйлығы биыл Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және "Қазконтент" АҚ қолдауымен қолға алынған болатын. Байқаудың қазылар алқасына осы саладағы белгілі кәсіби мамандар, қоғам қайраткерлері және сарапшылар кірді. Сыйлық 15 аталым бойынша бөлініп, жүлде қоры 15 миллион теңгені құрады. Тұңғыш ұлттық сыйлыққа «Мобайл Телеком-Сервис» және «Kcell» АҚ демеушілік көрсетті.

Массагет сайты барша оқырмандарына, блогерлер мен "Effective Media Liaison" холдингі ұжымына зор алғысын білдіреді! 

О. Сансызбай