Қазком Әзірбайжан банкінің ісін қайталауы мүмкін

Қазком Әзірбайжан банкінің ісін қайталауы мүмкін
Фото: massaget.kz

Әзірбайжанның ең үлкен банкі дефолт статусын қабылдағаннан кейін, банк саласындағы дағдарыс толқыны көрші елдерге де жетті. Қазкоммерцбанк доминоның құлайтын кезекті тасы болуы мүмкін.

Америкалық Bloomberg басылымының ақпаратына сай, бұл екінші деңгейлі банктің 3,8 миллард АҚШ доллары көлемінде қарызы бар. "Акционерлердің үрейі орынды. Қазкоммерцбанк Әзірбайжан банкінің ісін қайталауы мүмкін"  дейді Landesbank Berlin Investment маманы Лютз Ромейер (Lutz Roehmeyer)  "Екі банктің акцияларының құлауы бірдей. Акционерлердің инвестициясы ақталмай қалуы мүмкін".

Ромейер мырза Landesbank Berlin Investment акционерлерінің 2,2 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаржысын басқарады. Бұл соманың біршама бөлігі Қазком банкіне салынған.

Қазкоммерцбанк 2014 жылы екі рет дефолтқа ұшыраған БТА банкінің акцияларын сатып алғаннан кейін тұрақтылығын жоғалтты. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін мұнай бағасы құлдырап, банктің жоспардағы табысы азайып кеткен. Жыл басында Қазақстан банк секторын сауықтыру мақсатында үкіметтен бөлінген қаржының 2,4 триллион теңгесі ($7,7 миллиард) Қазкомның БТА банкінің нашар активтерінен арылуына бағытталды. Тек содан кейін ғана Қазком мен Халық банк бірігуі көзделіп отыр.

Президент Назарбаев Bloomberg басылымына берген соңғы сұқбатында Қазақ үкіметі банк жүйесінің құлдырамауына барынша қолдау білдіретінін  айтты. Осыған орай, Ұлттық банктен Қазкомға осы жылдың ақпан айында 200 миллиард теңге, наурыз айында тағы 200 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржының барлығы сауықтыру мақсатында жұмсалып жатыр. Дегенмен өткен жылдың қараша айынан бері Қазкомда ашылған корпоративті есепшоттардың үштен бірі жабылған. Бұл инвесторлардың Қазкомға деген сенімінің азайғанын білдіреді. 

Әзірбайжан банкі мамырдың 10 күніне дейін төлеуге тиіс қарызын өтей алмағаннан кейін оның жалпы қарызы $100 миллионға артқан. Енді банктің шетелдік инвесторларға берешегі 3,3 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал Bloomberg ақпаратына сенсек, Қазкоммерцбанктің жалпы $3,8 миллиард қарызы бар. 

Қазком Қазақстан үшін аса маңызды банк болса да, мемлекет Самұрық-Қазына қоры арқылы Қазкоммерцбанктің небәрі 10,7% акциясына ғана иелік етеді. Қалғаны жеке секторға тиесілі. Moody’s Investors Service мәліметіне орай, Қазақстан ағымдағы жылдың жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 7.6% екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға жұмсайды. 

Ж. Өрісбай