Ғалымқайыр Мұтанов өлеңдері шет тілдерге аударылды

Ғалымқайыр Мұтанов өлеңдері шет тілдерге аударылды
Фото: retromarket.su

Бойда талант болса, ақындық мамандыққа қарамайды. Физик болсын, математик болсын, медицина маманы болсын, шабыт келсе, қазақтың қара өлеңінен төгіп-төгіп тастауға қауқарлы. Бойында терең философия тұнып тұрған, ақынның жан жүрегін жарып шыққан ұтымды ұйқастар оқырманын жіпсіз байлап, магниттей тартып тұрады. Мұндай қасиет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың да бойынан табылады. Оның өлеңдері әлем халықтарының тілдеріне тәржімаланған.

Ғ.Мұтановтың өлеңдер жинағы әзірбайжан тілінде «Nura boya dunyani» (Баку, 2016) деген атпен жарық көрді. Ал тамыз айында ғалымның парсы тіліне аударылған лирикалық өлеңдері «Xudаfәrin» журналына шықты.

Ғалым Мұтанов шығармашылығы түрік жұртының да зор қызығушылығын тудырды. Түрік әдеби қоры, Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) қолдауымен Түркияда оның екі кітабы баспа бетін көрді. Ал автор айтулы Мақтымқұлы медалімен марапатталды.

«Ahiska» (№ 33, 2014.09.12 ж) және «Zaman» (№ 52, 2013; № 1.8.01. 2015 ж) газеттеріне жарияланған өлеңдерін оқыған түрік халқы тамсанып, интернетте жағымды ой-пікірлерін жарыса жазды.

Ал орыс тіліне аударылған өлеңдерін «Сибирские огни» (2013 год) ресейлік танымал журналынан оқуға болады. Канада, Украина елдерінің әдеби сайттарында, әлеуметтік желілерінде Мұтанов өлеңдері құрылымы жақсы және жеңіл қабылданатыны жазылды.

Әдебиет сүйер қауым академиктің өлеңдерімен «Порт-Фолио» және «Бористен» («Борисфен») атты канадалық журналдар беттерінен де таныса алады.

@. @assel_assanova