Марғұлан Сейсембаевтың "Менің қателіктерім мен жеңілістерім" атты семинары өтті

Марғұлан Сейсембаевтың "Менің қателіктерім мен жеңілістерім" атты семинары өтті
Фото: massaget.kz

Фейсбук желісінен Марғұлан Сейсенбаевтың семинары болатынын естіп біз де ат басын КИМЭП университетіне қарай бұрдық. Автор "Менің қателіктерім мен жеңілістерім" атты тақырыпта білікті және болашақ кәсіпкерлерге өзінің қандай жолдардан өткендігі туралы баяндап берді.

Бизнес жолындағы керітартпа әрекеттер мен өзінің жасаған қателіктерін еске түсіріп, арасына әзіл араластырып жиналған жұртты күлдіріп отырды. Семинар барысында "Бір іске белді бекем буғанда жақындарың мен достарыңды бастаған кәсібіңнен ада қылуға тырыс" деп бірінші жеңілісін тілге тиек етті. "Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын" деп бабамыз айтпақшы кәсібіңді мұндай жандарға сеніп тапсыру – тесік шелекпен суға барғанмен бірдей екен. Себебі, әбден сеніп алған адамның артынан тексеріс жасап, дұрыс-бұрысын қадағалау мүмкін емес екендігін де жасырмады. Мұнымен қоса билік пен қарақшылардың арам пиғылдары да торуылдап жүретіндігін жасырмады.  

Ақшаны үнемдеймін деп бай болуға ұмтылып жүрген жандардың ойын түсінбейтіндігін жеткізді. Ақша тек қана күнделікті тұрмыста кәдеге асатын заттармен бірдей болуы керектігін көпшілік назарына ұсынды. Егер бай болғыңыз келсе, шашқан ақшаңыздан әрдайым көп табуға тырысыңыз. Сонда ғана нәтижесі болады деп қысқа қайырды. Семинар соңында көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, алғыстарына бөленді. 

B. ZHAQSYMBET