Елімізде 19 мың сәбиге шаққанда 1 неврологтан келеді

Елімізде 19 мың сәбиге шаққанда 1 неврологтан келеді
Фото: massaget.kz

Балалар арасындағы жүйке ауруларын ерте анықтап, емдеу – мүгедектіктің алдын алудың бірден-бір жолы. Елімізде әрбір тоғызыншы сәби осы дертке шалдыққан.

Орта Азия мемлекеттерінің невролог мамандары бас қосқан конференцияда отандық дәрігерлер осындай мәлімет келтірді. Бұл – ерте жастағы балалар неврологиясы бөлімшесі. Мұнда жылына жүйке жүйесі дертінің ауыр түріне шалдыққан 700-ден астам бала ем-дом қабылдайды.

Статистикаға сенсек, өткен жылы әрбір тоғызыншы сәбиден жүйке ауруының белгілері анықталған. Ең сорақысы, көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Осы орайда қазақстандық дәрігерлер шетелдік мамандармен бірлесе отырып, дертпен күресудің жолдарын қарастыруда.

Аласдаир Паркер, балалар неврологиясының профессоры: - Неврологиялық ауруларға диагностика жасауда қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектесу үшін келдім. Бұл тек Қазақстандағы жағдай емес. Қазір әлемдегі барлық дәрігерлер дертпен күресудің жолын іздестіруде. Неліктен жүйке жүйесі дертімен ауыратын балалардың саны көбеюде? Бұл аналардың жүктілік кезінде күтінбегенінің салдары. Және диагноздың дұрыс қойылмауы тағы бар. Егер баланың ауруы дер кезінде анықталмаса, өсе келе мүгедек болып қалуы мүмкін. Дертпен күресу үшін білікті мамандар қажет. Ал бізде 19 мың сәбиге шаққанда 1 неврологтан ғана келеді.

Алтыншаш Жақсыбаева, ҚР ДӘДМ штаттан тыс бас балалар неврологы: - Балалар неврологы жетіспейді. Өйткені мамандар балалар дәрігері ретінде жұмыс істеп жатыр. Қазір олар нақты сала бойынша бөлінбейді. Емханалардағы ұзын-сонар кезек, аурудың ерте кезден анықталмауы осыдан басталады. Біздің елімізде сал ауруы балалар дертінің ішінде үшінші орында тұр. Қашан да үміт бар. Көп жағдайда науқас балалардың ата-аналары шетелдік дәрігерлер араша түседі дегенге сеніп жатады. Қытай, Германия, Израильдегідей сауықтыру шаралары Қазақстанда да жүргізіледі. «Алайда мұндай дертке шалдыққандардың 95%-ының құлантаза сауығып кетуі екіталай», - дейді мамандар.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы