- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Данияр Ақышев ҚР...
Данияр Ақышев ҚР Ұлттық банкінің төрағасы болып тағайындалады
Қазақстан Парламентінің Сенаты жалпы отырыста Ұлттық банк төрағасын тағайындау мәселесіне келісім беру ісін талқылады. Жалпы отырысқа Президент Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматуллин қатысты.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сенатына Данияр Ақышевты Ұлттық банк төрағасы етіп тағайындауға келісім беру туралы өтініш жасаған болатын. "Қазір банкке және ұлттық валюта — теңгеге деген сенім азайды, бұған жол беруге болмайды. Елде теңге өтімділігі төмендігі сезіледі, экономикада несие көлемі төмендеуде. Мұндай төмен көрсеткіштерді түзету үшін жұмыс істеу керек. Ақышевтың білімі мен тәжірибесі оған осы міндетті абыроймен атқаруға септігін тигізетініне сенімдімін. Парламент Сенатынан елдің қаржы жүйесінің игілігі үшін менің осы шешімімді қолдауды сұраймын", — деді ел Президенті.
Сенат Данияр Ақышевты Ұлттық банктің төрағасы етіп тағайындауға келісім берді.
"Бүгін ҚР Президенті өз қаулысымен Қайрат Келімбетовті Ұлттық банк төрағасы қызметінен босатты. Данияр Ақышев Ұлттық банк жүйесінде бірнеше жыл қызмет еткен. Соңғы кездері Президенттің көмекшісі қызметін атқарды", — деді Нығматуллин жалпы отырыс барысында.
Сонымен қатар, сенаторлар Ақышевты бюджет пен қаржы саласындағы өз ісінің маманы деп атады.
Данияр Ақышев 1976 жылы Алматыда туған. Қазақ Мемлекеттік басқару академиясында Экономист мамандығы бойынша оқыған. Кей жылдары Орта Азия қаржы биржасында жетекші экономист болып қызмет еткен. Сонымен қатар, Ұлттық банктің зерттеу және статистика департаментінде түрлі лауазымда болды және сол департаментті басқарды. 2007-2014 жылдары ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары болды. Осыдан кейін ҚР Президентінің Әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінде меңгеруші болып қызмет етті. Биыл тамыз айынан бастап Мемлекет басшысы көмекшісінің уақытша қызметін атқарды.
Бұған дейін ҚР Ұлттық банкінің төрағасы қызметінде Қайрат Келімбетов болған еді.
Дереккөз: kaz.tengrinews
С. Ерсін