- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Келімбетов дағдарысқа қарамастан,...
Келімбетов дағдарысқа қарамастан, алдағы уақытта инфляцияның төмендейтінін айтты
Қазақстанда 2020 жылға қарай инфляция 3-4 пайызды ғана құрайтын болады. Бұл туралы бүгін Алматыда Халықаралық Валюта Қорының Орталық Азия және Кавказ өңіріне арналған «Өңірлік экономикалардың даму келешегі» атты баяндамасының таныстырылымы барысында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
«Бұл инфляция деңгейіне өту аса қиын емес. Соңғы бес жыл ішінде елімізде инфляция деңгейі 6-8 пайызды құрап келді. Соған қарамастан 2013 жылы 4,8 пайыз, ал биылғы жылдың алғашқы жартысында төрт пайыздан аз болды. Сондықтан жоспарымыз бойынша 2020 жылға қарай инфляция деңгейі біртіндеп төмендеп, 3-4 пайызды құрауы тиіс», — деді Келімбетов.
Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы Халықаралық Валюта қорының баяндамасы туралы өз пікірін білдірді.
«Өңірдегі басқа елмен салыстырғанда Қазақстанның позициясы көптеген шама бойынша, мысалы нашар кредиттер деңгейі, несиелер мен депозиттердің долларлану деңгейі секілді бірқатар параметрлер бойынша едәуір тұрақты деп айтуға болады. Сондықтан дағдарысқа қарамастан өткен жылдарда атқарылған қыруар жұмыстардың арқасында, резервтердің арқасында біздің жағдайымыз ұтымды. Қазір Ұлттық қорда шамамен 68 млрд доллар, ал Ұлттық банктің резервінде 29 млрд доллар бар», — деді Қайрат Келімбетов.
Сондай-ақ, Қазақстанның Ұлттық банкі келесі жылы баяулаған экономикалық өсімді қолдау мақсатында мемлекеттік зейнетақы қорынан 1 триллион теңге (3,6 миллиард доллар) алады деп жазады Қазақстан жаңалықтары.
“Мемлекеттік зейнетақы қорынан алынған 1 триллион теңгеден 400 миллиард теңге бюджет мұқтажына жұмсалатын болады”, — деп келтіреді Reuters Келімбетовтің сөздерін.
Қалған бөлігі түрлі жобаларды қаржыландыруға бағытталады, атап айтқанда, құрылысқа жұмсалады және ол соның ішінде банктік несиелендіру арқылы жүзеге асырылады. Ұлттық банк басшысының айтуынша, Англия банкінің “funding for lending” бағдарламасына ұқсас сызба пайдаланылатын болады.
Қазақстан Ұлттық банкі теңге бағамы үш-бес айда тұрақталады деп күтуде және 1 АҚШ долларына теңге бағамы 250-270 теңге деңгейінде “тиімді” деп есептейді деді Келімбетов.
Теңгенің бұдан әрі қарай әлсіреуі баға тұрақтылығына және банк секторы капиталының жеткіліктілік нормативтеріне қауіп төндіреді деді Келімбетов.
Дереккөз: NUR.KZ
С. Ерсін