Алматыда "Абай Әлемі" атты көрме ашылды

Алматыда "Абай Әлемі" атты көрме ашылды
Фото: massaget.kz

30 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Абай әлемі» атты көрме ашылды, - деп хабарлайды мұражайдың баспасөз қызметі.

Қазақ халқының біртуар һәм бас ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының (1845-1904) туғанына 170 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Семей облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп ұйымдастырылған «Абай әлемі» атты көрме ашылды.

Көрмеде ҚР МОМ қорында сақтаулы Абай Құнанбайұлына (1845-1904) қатысты қолжазбалар, кітаптар және ол туралы шығармалар тұр. Солардың ішінде бүгін ғалымдар Абайдың өзінікі деп танып отырған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысын, ақын шығармашылығы жинақталған Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) қолжазбасын, Тұрағұл Абайұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» деген қолжазбасын, Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғылының өлеңі» сынды басылымды ерекше атап өткен жөн.

«Алашорда» партиясы өкілдерінің ұйымдастыруымен 1918 жылы Семейде жарық көрген «Абай» журналын, Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) «Қилы заман» романын, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) араб жазуынан кирилл жазуына көшірілген қолжазбасының машинкамен жазылған нұсқасын да көрме төрінен көруге болады.

Аталмыш көрмеге қазақ тілінде латын әріптерімен жазылған «Abaidıŋ ças kuninde çazqan өleŋi» (Абайдың жас күнінде жазған өлеңі), «Musirali aqsaqaldiŋ aitunca» (Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша), «Abaj Qunanbai ulь. Taŋdaulь өlender» басылымы қойылған.

Ақынның бейбішесі Ділдәнің домбырасын, бүркітінің балдағы мен тоғызқұмалағын, ағасы Ысқақтың бөрігін, інісі Оспанның асырап алған қызы Мансураның камзолын, музей қорына күні кеше ғана келіп түскен Азат Әрхамұлы Ысқақовтың 1987 жылы құрастырған Абай тұқымы мен туысқандарының шежіресін, бірнеше тың тарихи фотосуреттерді осы көрмеден тамашалауға болады.

Семей облыстық тарих-өлкетану музейі әкелген ақын шығармашылығымен таныстыратын фотоматериалдар, мұрағат құжаттары, атап айтқанда, Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты, Абай қол қойған құжаттар, 1903 жылы ақынға берілген мінездеме, өмір деректеріне қатысты көшірмелер, кітаптар, ақын дәуірінің бет-бейнесін көрсететін этнографиялық жәдігерлер де бар.

Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын, артында қалған мол мұрасын зерттеген М.О. Әуезов, Қ. Мұхаммедханұлы, Ә.М. Жиреншин, З.А. Ахметов, М. Мырзахметов, Р.С. Сыздық,  Д. Досжан, Р.Ш. Сейсенбав, Ж. Ысмағұлов, Ғ. Есім, Т.Қ. Жұртбай, Ж. Дәдебаев және т.б. жазушы-ғалымдардың еңбектері, шет тілдеріндегі аударма кітаптар, кейінгі кезде жарық көрген тың басылымдар да жұрт назарына ұсынылады.

Сондай-ақ, көрменің тақырыптық мазмұнын ашып, толықтыра түсетін Абай өмірі мен оның әулетіне қатысты портреттер, фотосуреттер, мүсіндер, кілемшелер, мерейтойлық төсбелгілер, қағаз ақшалар, монеталар, маркалар, керамикалық бұйымдарды да осы көрмеден көре аласыздар.

Массагет порталы мұражайдың ғалым хатшысы Ғалия Теміртонмен әңгімелесіп, қойылған жәдігерлер туралы ақпарат алды:

Көрме 31 желтоқсанға дейін жұмыс істейді. 

Е. Қайрахан