- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мамандар үй бағасының...
Мамандар үй бағасының қанша болатынын айтты
Тұрақсыздық жағдайында баспана бағасы көтерілмейді деген жылжымайтын мүлік нарығына қатысушылардың ойы бір жерден шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР делдалдарының бірлескен ұйымының вице-президенті Нина Лукьяненконың хабарлауынша, құрылыс компаниялары халықтың сатып алу мүмкіндіктеріне қарай бейімделіп, тіпті олардың басым бөлігі жаңа құрылыс нысандарын салуды тоқтатуы мүмкін. Ол нарықтағы қазіргі жағдайдың үй сатып аламын деушілер үшін нағыз қолайлы уақыт екеніне сенімді.
Жылжымайтын мүлік бойынша кеңес беруші Руслан Унгефугтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда құрылыс компанияларының көпшілігі жеңілдіктер жасап жатыр - қойылған бағадан 10-15 пайызға дейін, оның бағамдық айырмашылыққа тең болып тұрғаны белгілі. "Сатып алушыларды тарту мақсатында құрылыс компаниялары акциялар өткізеді, олар белгілі бір бонустарды, бөліп төлеу уақытын ұзартуды, паркингті немесе тағы да басқаны ұсынады", - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, әңгімелесу барысында мамандар мемлекеттің таяудағы монетарлық саясатында болған өзгерістің жылжымайтын мүлік нарығына қалай әсер еткеніне жалпы баға берді. "Бағаны бұрынғы қалыпта ұстап тұра алған бастапқы нарықтағы ірі құрылыс компаниялары сатылымды ұлғайтты, ал ұстап тұра алмағандардың саудасы құлдырады. Сондай-ақ, қайталама нарықта да тыныштық байқалады", - деп суреттеді қазіргі жағдайды Нина Лукьяненко. Оның сөзіне қарағанда, қазір өзгелерден оза шығып, сатып алушылар үшін тартымды бағаны қойғандар ұтады.
Руслан Унгефуг та жылжымайтын мүлік нарығында сату-сатып алу мәмілелерінің қысқарғанын растады. Сатып алушылар ары қарай не болатынын күтіп отыр, сонымен қатар, көпшілік пәтерлер бағасының төмендейтініне сенімді. Болашаққа болжам жасаған маман сауда көлемінің айтарлықтай төмендейтіні туралы ой түйді. Сонымен қатар, ол адамдардың нысанды таңдауда дәмелі бола бастағандарын байқапты. Барлығынан эконом класстағы баспаналар аз зардап шегеді, бірақ бұл буында да сауданың азаятыны белгілі.
Kn.kz жылжымайтын мүлік порталының мәліметтеріне қарағанда, теңге бағамы құбылмалы бола бастаған сәттен қайталама нарықта мәміле саны қысқарған - Астанада 13 пайыз, Алматыда - 25, Қарағандыда - 22 пайыз. Келісімдердің саны Астана мен Қарағандыда 15 пайызға төмендеді, Алматыда - 17 пайыз. "Сұраныс арзан баспана жағына қарай ығысты. Сатып алушылардың артынан сатушылардың да бір бөлігі нарықты тастап кете бастады. Жеке инвесторлар ағымы сатудан жалға беруге қарай жылжыған. Банктердегі жағдай да белгілі - олардың басым бөлігі теңге несиесін қысқартып, талапты күшейтті. Халықтың таза табысы қысқарды", - деп түсіндірді Анна Шацкая.
Айта кетейік, қазіргі жағдайға байланысты талдау жасаған маман өткен дағдарыста да баспана бағасының төмендегенін айтты.
Еске сала кетейік, биыл 20 тамызда теңге еркін ауытқу бағамына өтіп, валюта шамамен 35 пайызға құнсызданды. Ұлттық валютаның долларға қатысты бағамының төмендеуіне байланысты Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының мүшелері жылжымайтын мүлік бағасын доллармен көрсетуден бас тартуға ниеттеніп отыр.