Бауыржан Байбек Алматы базарларындағы бағаларды тексеріп шықты

Бауыржан Байбек Алматы базарларындағы бағаларды тексеріп шықты
Фото: © Tengrinews.kz

Алматы әкімі Бауыржан Байбек "Көк базар" және "Сарыарқа" базарларын, қала дәріханаларының бірі "Беккер и К" мекемесіне тауар бағасын білу үшін барды, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Қала әкімі "Көк базардағы" сауда орындарын қарап, азық-түлік бағасын сұрады. Саудагерлер бағам өзгеруіне қатысты тауарларын қымбаттатпағанын айтты. Кейбірі тіпті саудаласуға да дайын екенін айтты.

Қала әкімі саудагерлердің бірінен қырыққабаттың қанша тұратынын және жеңілдік жасауын сұрады. Сатушы болса өз кезегінде бағаны түсіріп сатуға қарсы емес екенін айтты.

Алайда Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат берген саудагерлер киімнің және азық-түліктің кейбір түрінің 30 пайызға қымбаттағанын мойындады.   

"Көк базардың" атқарушы директоры Еркін Қалиев базардың реконструкциясына арналған жоспарын таныстырды. Ол 400 көлікке орын беретін автотұрақтың және 1000 орындық сауда алаңының жобасын көрсетті. "Көк базарда" қайта жөндеу жұмыстары базар есебінен жүргізіліп жатыр. Оның айтуынша, жоба құны - 12 миллион теңге. Реконструкция келесі жылы аяқталады.  

Бауыржан Байбек "Көк базар" басшылығына ғимараттың беткі бөлігін қалпына келтіруді, сонымен қатар ұрлық пен басқа да қылмыстардың алдын алу мақсатында қосымша видеокамералар қоюды тапсырды. 

Сонымен қатар, Алматы әкімі кеңсе заттарының бағасымен танысып шықты. Ол 1 қыркүйек қарсаңында мұның ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Еске салайық, 2015 жылдың 20 тамызында ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірігіп, теңгенің еркін ауытқу бағамына өту туралы шешім шығарды. Мұнда инфляциялық таргеттеу режимінің негізіндегі жаңа ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға өту, валюта дәлізін алып тастап, еркін ауытқу дәлізіне өту туралы сөз болып отыр. Мұндай шешім әлемдік экономикадағы жағымсыз факторлардың күшеюінің негізінде қабылданған. Осыған байланысты премьер-министр өңір әкімдеріне штабтарды құрып, халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігін қолдауға шараларды жүргізуге тапсырма берді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер құнының негізсіз қымбаттауына қарсы шараларды қабылдауға бұйрық берілді.

Сол күні Мемлекет басшысы теңге бағамының өзгеруінен пайда табу мақсатында тауар құнын негізсіз көтеретін кәсіпкерлердің жауапкершілігін айтып, ескерту жасады.

Ж. Исакаев