Нұрәлі Әлиев Астананың бизнес-климатына жауап беретін болды

Нұрәлі Әлиев Астананың бизнес-климатына жауап беретін болды
Фото: tn.kz

Нұрәлі Әлиев Астананың бизнес-климатына жауап беретін болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті аппараттық жиын өткізіп, бірқатар тапсырма берді.

Талқыланған мәселелердің бірі мемлекеттік қызмет көрсету сапасы болды. Әкімнің ойынша, қаладағы бизнес-климатты жақсарту үшін рұқсат беру процедураларын азайту керек. Мемлекеттік қызметтердің барлығы тек ХҚКО арқылы жүзеге асырылуы тиіс және сәйкесінше қызмет көрсету ұзақ болмауы керек.

"Бұл бағытта мемлекеттік қызмет көрсетудегі бизнес-процесстерді зерделеп, оларды оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізу үшін арнайы жұмыс тобын құру керек. Бұл жұмысқа бизнес-қауымдастықты, кәсіпкерлер палатасын тарту қажет. Бұл жұмыстарды басқаруды Әлиев Нұрәлі Рахатұлына тапсырамын. (...) Басты мақсат - Астананы бизнес жүргізу үшін еліміздегі ең қолайлы қалаға айналдыру. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын түсінбейтін және өз өкілеттігінен айрылғысы келмейтін басшылар жұмыстан босатылады", - деп мәлімдеді Астана әкімі жиын барысында.

М. Бисембаева