- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Заңсыз жұмыс істейтін...
Заңсыз жұмыс істейтін 21 казино жабылды
Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің құрамына ел экономикасының дамуына есебі өтпейтін табыс көздерін тергеумен айналысатын экономикалық тергеу қызметі кіреді. Оның басты бағыттарының бірі - заңсыз құрылған ойын бизнестерін жабу. Мұндай заңбұзушылықтар қатаң түрде тергеуге алынып, толығымен әшкереленуі тиіс.
Соңғы алты айда аталған қызмет заңсыз табыс көздерін әшкерелеп, осыған қатысты 272 қылмыстық іс қозғалып, оның ішіндегі 141 іс соңына жеткізілген. Ал 89 қылмыстық іс соттың қарауына жіберілген.
Заңсыз ойын орталықтарының басым бөлігі еліміздің оңтүстік аймағында ұйымдастырылыпты. Атап айтқанда, Алматы қаласында 73, Оңтүстік Қазақстан облысында 29, Жамбыл мен Қызылорда облыстарында 24 орталық анықталған. Нәтижеде 21 заңсыз жұмыс істейтін казино, 63 онлайн-казино және 40 ойын автоматтары бар орталық құрықталған. Заңсыз бизнес құрықталып, 13 милион теңге, 500 ойын автоматы, 550 терминал, 18 покер столы, 12 рулетка, 9 000 фишка, 35 ойын картасы және 607 дана компьютер тәркіленді.
Мұндай экономикалық заңбұзушылықтардың алдын алу үшін енді мемлекеттік кірістер комитетінің қызметі ойын тауарларының елге кіргізілгеннен бастап, соңғы жеткізілген орынына дейін көзден таса қалдырмайды.
Айта кетелік, комитеттің экономикалық заңбұзушылықпен айналысатын қызметі WhatsApp желісінде өз аккаунтын ашқан. Егер экономикалық заңбұзушылықты байқаған жеріңіз болса, оны суретке түсіріп немесе мекенжайы туралы ақпаратты мына номерге (+77001020202) жібере аласыз.
Ж. Өрісбай