Елімізде "Ел тұлғасы" атты ұлттық жоба басталды

Елімізде "Ел тұлғасы" атты ұлттық жоба басталды
Фото: massaget.kz

Алматы қаласында "Ел тұлғасы" атты ұлттық жобаның пресс-конференциясы өтті, — деп хабарлайды massaget.kz тілшісі. 

"Exclusive" мультимедиалық порталы "Kcell" компаниясының қолдау көрсетуімен "Ел тұлғасы" атты ұлттық жобаның басталғанын айтты. Жоба идеясы — еліміздің тәуелсіздік жылдары кезіндегі айтулы деген қазақстандықтарды таңдап, көрермен көзайымына айналдыру. 

Пресс-конференцияға Расул Жұмалы, Досым Сатпаев, Айдос Сарым секілді белгілі саясаткерлер, "Kcell" компаниясының баспасөз бастығы Наталья Еськова, актер Нұртас Адамбаев, "Эксклюзив" журналының бас редакторы Қарлығаш Еженова қатысты.

Пресс-конференцияны "Эксклюзив" журналының бас редакторы Қарлығаш Еженова бастады. Қарлығаш Еженова бұл жобаның екінші мәрте ұйымдастырылып жатқанын айтты. Жоба ең алғаш рет 2011 жылы 22 қазанда ұйымдастырылған. Ол кезде Еділ Ерғожин, Бақытжан Қанапиянов, Мұрат Әуезов, Нұрлан Смағұлов және Илья Ильин жеңімпаз атанған болатын. Ал "Халықтың таңдауы" аталымы бойынша режиссер Ермек Тұрсынов жеңіске жеткен. Қарлығаш Еженованың айуы бойынша, ұйымдастырушылар бұған дейінгі "Ел тұлғасы атты" ұлттық жобасын жүргізу кезінде түрлі ауырпалықтарға кезіккен. Бірақ, осы жылы ұйымдастырылып жатқан жобаның кем-кетіктері дұрысталып және  дауыс беру кезінде айла-тәсілдердің өтпейтіні туралы мәлім болды. 

Айдос Сарым: - Біз осы жоба арқылы Қазақ хандығы құрылғанынан бергі айтулы тұлғаларымызды өз ұрпақтарымызға дәріптейтін боламыз. Жеңген тұлғаларға қарап балаларымыздың қайда еріп бара жатқанын айқын көреміз. Және де тұлғасыздықтан сақтанамыз. Жас ұрпақтың еліктейтін өз каһарманы пайда болады" - деді. 

Байқауда келесі жеті аталым бойынша қатысушылар қатысатын болады: қоғамдық қызмет, бизнес, өнер және мәдениет, ғылым, спорт, жаңа есім, Қазақстан тарихындағы ірі тұлға. Әрбір аталымға өзінің қызмет саласында нақты табысқа жеткен, елімізге аты танымал он қазақастандық қатысады. Әрбір қатысушыға ғаламтор пайдаланушысы немесе телефон қолданушысы тек бір рет қана дауыс бере алатын қабілетке ие. Оны ғаламтор жүйесіндегі арнайы сайт немесе 8785 нөміріне үміткердің кодымен бірге SMS-хабарлама жіберу арқылы жүзеге асуға болады (Beeline, Kcell, Activ, Tele2, Altel абоненттері мен ҚҚС-мен бірге қосқанда хабарлама құны 7 теңге).

Жоба 2015 жылдың маусым айынан бастап қыркүйек айына дейін жалғасады. Ал жоба нәтижесі қазан айында белгілі болады. 

Міндетті түрде өз тұлғаңызды таңдап, өзіңіздің азаматтық борышыңыз деп білген жобаға белсене қатысып, өз үлесіңізді қосады деген ойдамыз. 

Н. Нұрмаханұлы