- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қызылорда тұрғындарына 300...
Қызылорда тұрғындарына 300 пәтердің кілті табысталды
«Бәйтерек» холдингі іске асыратын «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Қызылорда тұрғындарына 300 пәтердің кілті табысталды, – деп хабарлайды Baq.kz порталы.
«Бәйтерек» холдингі бүгінде Қазақстанның барлық өңірлерінде халықтың қалың топтарын баспанамен қамтамасыз ету бөлігінде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмысты кезең-кезеңімен жүргізуде. Бағдарлама іске асырылғаннан бері Қазақстан облыстарының және қалаларының тұрғындары көптен күткен пәтерлерін алып жатыр. «Бәйтерек» холдингі жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысын жоғары қарқынмен жүзеге асыруда.
Осы жұмыс шеңберінде Қызылорда қаласында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында салынған жаңа пәтерлерге көшуде.
Қоныс той иелеріне кілттерін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма Төрағасы Қуандық Бишімбаев табыстады.
Айта кетейік, Қызылорда қаласының «Ипподром» ауданында 50 пәтерлі алты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды, пәтерлердің жалпы саны – 300. Жалпы ауданы 19 722 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үйдің құрылыс құны - 1 775 млн. теңге.
Аталған 300 пәтердің ішінен 225 пәтер «Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша үлестірілсе, қалған 75 пәтер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандардың арасында үлестіріледі.