Ауа райы: Оңтүстікте күндізгі температура 38 градусқа көтеріледі

Ауа райы: Оңтүстікте күндізгі температура 38 градусқа көтеріледі
Фото: tn.kz

Еліміздің оңтүстігінде күндізгі ауа температурасы 38 градусқа дейін көтеріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" кәсіпорнына сілтеме жасап.

Синоптиктердің 14-16 мамырға арналған ауа райы болжамына сәйкес, Каспий теңізінде қалыптасқан циклон осы күндері Қазақстан аумағы бойынша солтүстік-шығыс бағытында жылжиды. Осы циклонмен және онымен байланысты атмосфералық фронттармен республиканың көптеген облысында найзағайлы өткінші жаңбыр жауады.

"16 мамырда жаңбыр кей жерлерде қатты жауады. Ауа температурасының шамалы ауытқуы күтіледі, оңтүстік облыстарда ыстық төмендейді. Егер 14-15 мамыр оңтүстікте күндіз термометр көрсеткіші 30-38 градусқа дейін көтерілсе, 16 мамырда температура +22-28 градусқа дейін түседі", - деп хабарлады метеорологтар.

Еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер Қазақстанның солтүстігінде 3 градусқа дейін суық болатынын хабарлады. Қазақстан аумағына батыстан келген циклон республиканың көптеген облысына жаңбыр әкелді. 9 мамыр оның әсері өзгеріссіз қалды, ал онымен бірге найзағайлы және екпінді желі бар өткінші жаңбыр сақталды.

М. Бисембаева