Еурокодтар қалай жүзеге асып жатыр?

Еурокодтар қалай жүзеге асып жатыр?
Фото: tengrinews.kz, atameken.kz

Елбасының "Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам" стратегиялық жоспарының 49-қадамына негіз болған еурокод мәселесі биыл бір жолға қойылды. Ондағы бағдарлама жоспары мынадай еді: "Кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу. Жаңа нормативтерді қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен бірге құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді". 

ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1509 қаулысымен бекітілген құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау бойынша қабылданған тұжырымдамаға және «Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 қадам» ұлт жоспарына сәйкес, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда еурокодтар енгізілді. 

Еурокодтар деген не? 

Еурокодтар – Еуропалық Одаққа мүше елдер 45 елде қолданылатын ғимараттар мен құрылыстардың конструкцияларын есептеу және жобалау бойынша еуропалық құрылыс стандарттары (нормалар). Олар 58 бөлімнен тұратын құрылыс саласындағы нормативтік құжаттардың 10 жинағын қамтыған. 

Еурокодтар конструкцияларды, жеке конструктивтік бірліктерді жобалаудың және есептеудің жалпы қағидаларын белгілейді. Сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстардың барлық типтерінің тіреу конструкцияларын, жүктемелер мен іс-қимылдың барлық түрлерінің әсерлерін есептеу үшін қолданылады және барлық негізгі құрылыс материалдарын (бетон, болат, ағаш, тас/кірпіш, алюминий) қамтиды. 

2017 жылы тамызда Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев былай мәлімдеген еді: «Еурокодтар үшін жаңа нормативтік база енгізілді, яғни бұл Ұлт жоспарының 49-қадамына қатысты. 2019 жылдың соңына дейін осы жүйеге толықтай көшу ісе асырылады. Сондай-ақ жылдың аяғына дейін құрылыс мәселелері бойынша тиісті құрылыс нормалары мен ережелері жойылады, бұл ретте оның 189-ы ескеріліп отыр. Оның орнына қазіргі заманғы талаптарға сай жаңа нормалар мен ережелер енгізіледі». Демек, биыл еурокод нормаларына дейін қолданылып келген шартты нормалар өз күшін жойды. Еурокодтарға толық өту 2020 жылға жоспарланған. Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің есебіне сәйкес бүгінгі күні мына жұмыстар аяқталды: 

Бірінші кезең (2010-2014 жылдары дайындық кезеңі): 2019 жылға дейін қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттармен қатар қолданылатын жаңа нормативтік базаның 453 нормативтік-техникалық құжаттары бекітілді, оның ішінде Еурокодтарға сәйкестендірілген 58 бөлімнен және 57 ұлттық қосымшалардан тұратын 10 ҚР ҚЖ EN. 

Екінші кезең (2015-2019 жылдар апробация кезеңі): 

- «Қолданыстағы және жаңа нормативтік-техникалық базаны 2015-2020 жылдары қатар қолдану нұсқаулығы» бекітілді; - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап Еурокодтардың (ҚР ҚЖ EN) ережелерін есепке ала отырып «Құрылыс», «Өндіріс», «Құрылыс материалдарын, өнімдерін және конструкцияларын өндіру» мамандығы бойынша жоғарғы оқу орындарының студенттері үшін үлгілік оқу бағдарламаларын бекітті; 
- «Қазақ ғылыми-зерттеу және құрылыс пен сәулет жобалау институты» АҚ базасында 850 адам және 400 ұйым оқудан өтті (құрылыс саласындағы мамандар мен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы үшін Еурокодтарды қолданатын қайта әзірлеу курстары және біліктілікті арттыру курстары); 
- Еурокодтарды қолдана отырып бес климаттық аудан бойынша 13 жоба және 9 қабатты көп пәтерлі үйдің үлгілік жобасы әзірленді. 

Еурокодтарға толық өту бойынша қажетті іс-шараларды іс-шаралар іске асырылғаннан кейін ҚНжЕ-нің (1992-2010 жылдар аралығында әзірленген) (70 бірлік) 2019 жылдың соңына дейін күшін жою жоспарланған. Сонымен қатар, еурокодтарға өту үшін 2020 жылға дейін мынадай іс-шаралар жүргізіледі
- Еурокодтар және ISO және EN әдісі бойынша сынақ жүргізу үшін «Қазақ ғылыми-зерттеу және құрылыс пен сәулет жобалау институты» АҚ зертханасын жаңғырту; 
- ауытқушылықты жою мақсатында құрылыс саласының нормативтік базасына талдау жүргізу және жүйеге келтіру; 
- Еурокодтарды қолдана отырып әзірленген 9 қабатты көп пәтерлі үйдің үлгілік жобасы бойынша әзірленген заттай фрагменттер, тораптар және конструкцияларды экспериментальдық сынақтан өткізу.

Биылғы еурокодтардың енгізілу процесі апробациялық кезең негізіндегі жобалармен іске аспақ. Олар ISO және EN стандарттарына үйлестірілген 855 стандарт бойынша атқарылады.

Massaget.kz