Еліміздің демократия­лық жолмен даму бағыты айқындалды

Еліміздің демократия­лық жолмен даму бағыты айқындалды
Фото: almaty-akshamy.kz

Ата Заңымызбен өзге ұлт түгіл, өз ұлтымыздың өкілдері ұмыта бастаған, тұнығы таза, иірімі күшті, қолдануға икемді, айтайын деген ойымызды төте де, жанамалай да, әзіл-қалжыңмен де, астарлай да жеткізуге мүмкіндігі мол ана тілімізге биік, мемлекеттік мәртебе берілді.

Бастайтын болашаққа бақ кемені,
Осы жол халықтың да нақ сенері!
«Халқыма адалмын!» деп Ата Заңға
Елбасы қолын қойып Ант береді, - 
деп ақын Айбатыр Сейтақ жырлаған Ата Заңымыз мемлекеттік тіліміздің мәртебесін айқындап берді.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі, мемлекеттік ұйым­дарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатындығы, мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасау­ға міндетті екені Қазақстан Республикасы Консти­туциясының 7-бабында атап көрсетілген. Мұның өзі мемлекеттің, ұлттың сақ­талуының, дамуының алтын тірегі қазақ тілі екендігін дәлелдейді.

Ұлтымыздың негізгі қасиетті белгісі – ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілуі, халықтың қымбат қазынасы, рухани байлығы, салт-санасы, әдет- ғұрпы мен мәдениетінің өркендеуіне кеңінен жол ашты, тектері өзге тілдің негізінде жазылып кеткен қазақ азаматтарына өз тілінде қайтадан өңдеп, қазақша атаумен өз ата тектерін жаздырып алуға мол мүмкіндік ұсынды.

Егемен еліміздің негізгі Заңы біздің қоғамымыздағы қайта құру кезеңінің өзекті мәселелерін шешумен қатар, сынды өткелдерден сүрінбей өткізетін бас құжат болды,  тәуелсіз жас мемлекеттің басқару, атқару және заң шығару орындарын, елімізде демократиялық қоғам құрудың принциптерін белгіледі.

Тарихқа үңілсек 1991 жылы Қазақ ССР-нің егемендік алып, Қазақстан Республикасы аталуы, қазақ халқының тарихындағы маңызы зор елеулі уақиға болды. Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы 1993 жылы қаңтар айының 28-інде қабылданып, өзінің саяси-экономикалық және әлеуметтік құрылымын дамыта бастаған жаңа мемлекет қалыптасты.

Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының екінші кезеңі 1995 жылы қабылданған, биылғы жылы қабылданғанына 21 жыл толған Конституция әлемдік стандартқа сәйкес келетін саяси-экономикалық және әлеуметтік мәнге ие болды.

Конституция әлемдегі көшбасшы елдер – Франция мен Германия мемлекеттерінің конституцияларының негізінде қазақ халқы мен Қазақстанды мекен еткен басқа да ұлттардың ерекшеліктері ескеріле отырып  жобаланған және көпұлтты республика аумағында ұлттардың бейбіт және өзара тату тұруына, өзге ұлт өкілдерінің дамуына жағдай жасау көзделген.

Конституцияда «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бекітілген және тұңғыш рет адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және міндеттері нақты түрде жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясы 1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және басқа халықаралық құжаттарда бекітілген құжаттармен толығымен қамтылды.

Қазақстан Республикасы Конституция­сының 3-бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асыратындығын, сондай-ақ, өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беретіндігін, Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайтындығын, билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланатындығы, халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге республика Президентінің, сондай-ақ Парламенттің де құқығы бар екендігі, республика Үкіметі өзіне берілген өкілеттіктер шегінде ғана мемлекет атынан билік жүргізетіндігі» атап көрсетілген. Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және ол республиканың барлық аумағында тікелей қолданылады.

Конституция бойынша еліміздің басқару билігінің үш түрі – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің құзыреттері нақтыланады. Биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент, атқарушы тармағы – Үкімет, сот билігін тек қана сот жүзеге асырады.

Өткен 21 жыл ішінде Конституциямызға бірнеше өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе де, ол өзінің негізгі қағидаларын жоғалтқан жоқ. Ол еліміздің демократия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуына мол ықпалын тигізді.

Аумағы ұшқан құстың қанатымен, жер апшысын қуырған тұлпар тұяғының дүбірі­мен өлшенген кең де келісті өлкені мекендеген қазақ халқы ел болып егемендік алып, еңсесін тік ұстап, туын көтеріп осыдан 21 жыл бұрын, яғни, 1995 жылы тамыз айының 30 күні тәуелсіз ел – Қазақстан Республикасының Ата Заңын (конституциясын) қабылдап, үш жүз жылдан аса уақыт еркіндігінің темір құрсауы қамытына айналған бодандықтан құтылып, тарихтың жаңа үрдісіне бет бұрып, бостандық, тәуелсіздік жолына түсті.

Биыл ел болып жиырма бір жылдығын атап өтіп отырған біздің Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократия­лық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады?» деген үрей жоқ, араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Ал ондай дағдарыстар туындауының бір негізі конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болып жатыр. Керісінше, қазақ даласында ортаңғол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сабырлы саясатының арқасы. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция Тәуелсіздігімізді тұғыр­лы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі! 

Д.БҰЛҒЫНБАЕВ,
Семей қалалық 
№2 сотының төрағасы 

T. Кіршібаев