Елбасы тапсырмалары мүлтiксiз орындалуы тиiс

Елбасы тапсырмалары мүлтiксiз орындалуы тиiс
Фото: okg.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкiметтiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде жүктеген мiндеттерiн сапалы әрi мерзiмiнде орындаудың маңызы зор. Облыс әкiмдiгiнiң аппараттық мәжiлiсiнде өңiр басшысы Бейбiт Атамқұлов осылай дедi.

Мемлекет басшысы Үкiметтiң негiзгi жұмыстарының бiрi жаппай кәсiпкерлiктi ынталандыру және халықты жұмыспен қамту болуы тиiс екенiн атап өткен-дi. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының аясында 5 өңiрде «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» пилоттық жобасы iске қосылған. Осы орайда Елбасы Үкiметке әкiмдермен бiрлесiп, ауылдық жерлерде кооперациялар ұйымдастыру бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырғаны белгiлi. Сол себептi облыс әкiмi Б.Атамқұлов ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру мәселесiне ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығы кооперациялары өнiмдi өткiзу және қайта өңдеумен айналысады. Бейбiт Бәкiрұлының айтуынша, бұл тапсырма, әсiресе, Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби және Ордабасы аудандары үшiн өзектi. Б.Атамқұлов аудан әкiмдерiне осы бағыттағы жұмысты қолға алуды жүктедi. Тұрғындардың арасында кең көлемдi түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп, ауыл шаруашылығы кооперацияларының тиiмдiлiгiне шаруалардың көзiн жеткiзу керек. Өңiр басшысы Түлкiбас ауданы көршiлес Жамбыл облысымен сүт және сүт өнiмдерiн өткiзу жөнiнде ынтымақтастық орнатуы керектiгiн атап өттi.

Облыс әкiмiнiң орынбасары Ербол Садырға аймақтық даму жоспарын әзiрлеудi тапсырды. Сонымен қатар, осындай жоспарлар бiр аптаның iшiнде барлық аудан, қалаларда қабылдануы керектiгiн ескерттi.

Мемлекет басшысы Үкiметке алдағы 5 жылда игерiлмей жатқан 600 мың гектар алқапты айналымға қосу жөнiнде тапсырма берген болатын. Осыған орай өңiр басшысы облыс аумағында игерiлмей жатқан егiстiк алқаптарды айналымға қайта қосу мен ағын сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешудiң маңыздылығына тоқталды. Егiстiктi ағын сумен толық қамтамасыз ету үшiн облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкiмдiктерiмен бiрлесе отырып, апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу мен жаңаларын салудың жоспарын әзiрлеудi тапсырды.

– Егiстiк алқаптарды суландыру мәселесiн шешуде су қоймаларын салудың маңызы айрықша. Бәйдiбек ауданында үлкен су қоймасы салынып жатыр. Биыл оның құрылысы аяқталуы керек. Отырар ауданында да бұл бағытта жұмыс жүргiзiлуде. Облыстық басқарма барлық аудандарда осындай мүмкiндiктердi зерттеп, жоспар әзiрлеуi тиiс, – дедi Бейбiт Бәкiрұлы.

Облыс басшысы «Жiбек жолы» экономикалық белдеуiнiң аясында 51 қазақ-қытай бiрлескен жобасы жасалғанын, оның үшеуi бiздiң өңiрге тиесiлi екенiн атап өттi. Бұл жобалар облыс экономикасының дамуына серпiн берiп, халықты жұмыспен қамтуға оң ықпал етедi деп күтiлуде.

Елбасы жер қорына қайта мониторинг жасауды және бас жоспарларға тиiстi өзгерiстер енгiзудi тапсырғаны белгiлi. Себебi, әкiмдерге игерiлмей жатқан жер телiмдерiн мемлекеттiң қажеттiлiгi үшiн, атап айтқанда, тұрғын үй құрылысын жүргiзу мақсатында сатып алу құзыретi берiлмек. Облыс әкiмi тұрғын үй құрылысы жүргiзiлетiн аймақтардағы көлiк және инфрақұрылым мәселелерiн алдын ала ойластыру керектiгiн айтты.

Басқосуға қатысушылар Ұлт жоспарының орындалу барысын, халықты жұмыспен қамтудың, облыстың көлiк тасымалы әлеуетiн арттырудың жай-күйiн, сондай-ақ, өңiрдiң өз көлiк-логистика хабын құру мәселелерiн талқылады.

Мәжiлiсте «Нұрлы жол» бағдарламасының облыстағы орындалу барысы да талқыланды. Бұл мәселе жөнiнде облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Дархан Сатыбалды баяндама жасап, орын алған кейбiр кемшiлiктерге тоқталды. Дархан Амангелдiұлының айтуынша, Сарыағаш ауданы Бiртiлек, Бiрiншi Мамыр ауылдарындағы мектептердiң құрылысына бөлiнген қаржының 312 миллион теңгесi, Сайрам ауданы Қосбұлақ және Қарабұлақ ауылдарындағы мектептердiң құрылысына бөлiнген қаржының 244 миллион теңгесi игерiлмеген. Сондай-ақ, Шардара қаласындағы №3 шағын ауданның инженерлiк инфрақұрылымына бөлiнген 51 миллион теңге де уақтылы игерiлмей отыр.

Облыс әкiмiнiң орынбасары Жақып Бөкенбаевтың айтуынша, «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы инфрақұрылым желiлерiн салуға бағытталған 4 жобаға 699 миллион теңге бөлiнген. Жоспарға сәйкес, 1 қыркүйекке дейiн 652 миллион теңге игерiлуi тиiс болса, iс жүзiнде 456 миллион теңге немесе жоспардағының 70 пайызы ғана игерiлген. Атап айтар болсақ, Мақтаарал ауданы мен Түркiстан қаласындағы және Шымкенттегi «Тассай» индустриалды аймақтарының инфрақұрылымын тарту жұмыстары кестеден кешеуiлдеп жатыр. Сондай-ақ, Түлкiбас ауданы Машат шатқалындағы демалыс аймағын газдандыруға бөлiнген қаржының да елеулi бөлiгi игерiлмеген.

Б.Атамқұлов аудан әкiмдерiне аталған кемшiлiктердiң қысқа мерзiмде түзетiлуiн, ал, облыс әкiмiнiң орынбасары Ербол Садырға қаржының уақытылы игерiлмеуiне жауапты лауазымды тұлғаларға тәртiптiк шара қолдану жөнiнде ұсыныс енгiзудi тапсырды.

Мәжiлiсте облыстың қысқы жылыту маусымына дайындығы да қаралды. Аталған мәселе жөнiнде облыс әкiмiнiң орынбасары Жақып Бөкенбаев баяндама жасады. Облыс әкiмi Б.Атамқұлов Кентауда көмiрмен қамтамасыз ету жұмыстарының ойдағыдай жүргiзiлмегенiн сынға алып, қала әкiмi Әбдiбақыт Мақұлбаевқа аталған кемшiлiктi тез арада түзетудi тапсырды.

– Өкiнiшке қарай, тиiстi басқарманың ұсынған мәлiметтерi бойынша, облыста қысқа дайындық жұмыстарында көп кемшiлiктер орын алған. Елдi мекендердегi жылу қазандықтарының жағдайы сын көтермейдi. Осы мәселе жыл сайын қайталанады. Ал, бiз жылда аяз басталған кезде қыс бiрiншi рет келгендей аласапыранға түсемiз. Қысқа дайындық жұмыстарын жандандыруды Жақып Бөкенбаевқа жүктеймiн, – деген Бейбiт Бәкiрұлы жылыту маусымының сапасы мен барысына қатысты аудан, қала әкiмдерiнiң жеке жауапкершiлiгi қаралатынын ескерттi.

Сондай-ақ, мәжiлiс барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серiк Тұрбеков жиын-терiм науқанының барысына тоқталды.

Облыс әкiмi Б.Атамқұлов тиiстi лауазымды тұлғаларға мәжiлiсте қаралған мәселелердi қатаң бақылауда ұстап, кемшiлiктердi түзетудi тапсырды.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ 

Дереккөз: okg.kz

T. Кіршібаев