Жылы шырайы кете қоймаған күздің осы бір күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Кереку өңіріне жолы түсті. Ауа райының өзі де жақсы күнін сақтап, мәртебелі мейманның сапарын күткендей. Жалпы, бүкіл тыныс-тіршілігін өндіріске өзек еткен облыстағы көшбасшы индустриялық жобаларда Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы бар екенін, бұл сапарында да елге қажетті маңызды нысандардың іске қосылатынын павлодарлықтар жақсы біледі.
Көпір «Тәуелсіздікке – 25 жыл» деп аталады
Осыдан бес-алты жыл бұрын бос жатқан далада бүгінде «Қазақстан электролиз» зауытының құрылысы бой көтерген. Облыс орталығындағы «Каустик» АҚ-та өңірдегі химия-технология өнеркәсібі салалық кластері бойынша Еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) құру туралы тапсырма берілген еді. Кейін, Елбасы тарапынан экономикалық аймақ құратын жоба сынға ұшырағанымен, бүгіндері серпін алып жолға түсіп келе жатқан секілді. Өйткені, серпінді жобаларды іске асыру барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.
Елбасы алдымен Ақсу, Павлодар қалалары аралығындағы Ертіс өзенінде салынып жатқан алып көпір құрылысы өткелінде болды. Көпірдің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. Президент бұған дейін: «Бізде көлік, темір жол жүйесі болды. Бірақ олардың барлығы Ресейге барып тірелетін. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ішкі аймақтарды Астана арқылы байланыстырып, біріктіретін жолдар сала бастадық. Осылайша тәуелсіз елімізде талай жолдың тұсауы кесілді», деген болатын
Мемлекет басшысы ірі көпірдің құрылысына атсалысып, еңбегі сіңген құрылысшыларға алғыс білдірді. Егер де сапалы жол болса, басқа өңірлермен және елдермен жақсы байланыс орнатылады, деді Президент. Бұл бизнес пен экономиканың дамуына септігін тигізеді.
Павлодар қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Аманжол Әубәкіров көпірге «Тәуелсіздікке – 25 жыл» атауын беруді ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсынысты құптады. Көпір өткелінің құрылысы 2013 жылы басталды. Нысан инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр және «Орталық-Шығыс» автожол құрылысы жобасының бір бөлігі болып саналады. Қазір көпір бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Алда жол белгілері мен жарық өткізу сияқты бірқатар шағын жұмыс қалды. Негізгі көпірде аркаларды орнату барысында «Heavylifting» технологиясы қолданылған. Бұл аркалық көпірлерді құрастыру бойынша үздік әдістердің қатарында. Көпір жаңа технологияларға сəйкес вант тəрізді иілгіш көлбеу аспаларды қолданумен жасалуда. Нәтижесінде көпір Қазақстанның орталық бөлігін Ресейдің көршілес жатқан өңірлерімен байланыстырады.
Сонымен қатар, жаңа көпірдің ашылуы Ақсу мен Павлодар арасындағы жолды 15 шақырымға қысқартса, еліміздің шығыс өңірлерінен орталық аймаққа қатынайтын транзиттік көліктер қала ішіне кірмейді. Осылайша, жолды 40 шақырымға қысқарту мүмкіндігі туады.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаны іске асыруға жұмылдырылған құрылысшылармен және жұмысшылармен кездесті. Әңгімелесу барысында ол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан облыстың көлік инфрақұрылымын жақсартып, инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қажетті барлық жағдайлар жасала беретінін айтты.
Жол-құрылыс кәсіпорындары өкілдері елдің инфрақұрылымдық жаңғыртылуына арналған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылып жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.
Бұл Орталық Азиядағы ең ұзын көпір өткелі болып саналады. Құрылыс барысында мердігерлік жұмыстарға өңірдің шағын және орта бизнес субъектілері тартылуда. 400-ден астам жұмыс орны ашылды. Көпір өткелін пайдалануға беру Павлодар қаласының жол-көше торабының жүгін жеңілдетіп, көлік-транзит ағынын оңтайландыруға септігін тигізеді.
Студенттер инновация жолында
Жаңа көпір өткелін көрген қуанышты сәттен соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің Стартап академиясы ЖШС-інде болды. Студенттер, оқытушылар құрамы жылы шырайлы қарсы алған кездесу өтті. Ректор Арын Өрсариев Инновациялық ортаны дамыту арқылы тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істейтін жоғары білікті мамандарды даярлаудағы өздерінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндап берді. Президент университеттің Стартап академиясының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысына студенттердің іске асырылған, қазір өнім бере бастаған бизнес-жобалары туралы баяндалды.
Сондай-ақ, Елбасына Павлодар мемлекеттік университетінің оқу үдерісіне «кәсіпкерлік арқылы оқыту» жөніндегі жаңа қағидаттың енгізіліп жатқаны жөнінде айтылды. Оның аясында оқу орнының барлық студенті кәсіпкерлік пен көшбасшылық курстарынан өтеді.
Нұрсұлтан Назарбаев студенттер ұсынған бизнес жобалардың әлеуетінің жоғарылығы мен жасампаздығын атап өтті. Қазіргі уақытта мемлекет бизнестің дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Әлемнің көптеген елінде жастардың студенттік кезеңде өзінің стартап-жобаларын бастап, жоғары оқу орнын бітіргенде бірталай жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін тәжірибелер бар. Мұндай жағдайлар еліміздің өзге өңірлерінің жоғары оқу орындарының студенттері үшін де жасалуға тиіс, деді Қазақстан Президенті.
Студенттер мен оқытушылар Елбасына зор денсаулық тілеп, жас ұрпақты жетілдіру мәселесіне деген қамқор көзқарасы, жанашырлығы үшін алғыс білдірді.
Халықаралық Стартап академиясы 2030 жылға дейінгі өңірді дамыту стратегиясына сәйкес С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында ашылған. Білім беру мекемесінің қызметі студенттік және оқытушылық кәсіпкерлікті ынталандыруға, сондай-ақ, ғылыми және зерттеушілік жобаларды коммерцияландыруға бағытталған. Қазіргі уақытта академия таяу және алыс шетелдердегі бизнес өкілдерімен іскерлік байланысты жолға қойды.
«Сарыарқа» тұрғындарға қуаныш сыйлайды
Бұл күндері облыс орталығындағы «Алюминстрой» шағын ауданының бұрынғы тұрғындары пайдалануға берілген жаңа үйден жарқыраған пәтерлерге ие болуда. Бұрынғы тұрғындары дейтініміз, қалада өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған екі қабатты тұрғын үйлер әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған-ды. Талай жылдар бойы бұл жерге жаңа үйлер тұрғызу мәселесі де жиі айтылып жүрді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ескі үйлер орнынан «Сарыарқа» атты жаңа тұрғын үй кешенін салатын жоба жасалып, бұл мақсатты Үкімет те қолдады. Құрылыс жұмыстары «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Бұл жерде 2021 жылға дейін көп пәтерлі 40 тұрғын үй кешені тұрғызылмақшы. Бұл үйлердің ерекшелігі, бірінші қабаттарында немесе дәл жандарында Елбасы айтып жүргендей, халыққа қажет әлеуметтік орындар орналасады.
Жалпы, өңірдегі тұрғындардың пәтер алуға деген қажеттілігін азайту мақсатында алдағы жылдары облыс орталығында бұл жаңа аудандағы үйлерден басқа тағы 22 жаңа үй салынады деп жоспарланып отыр. Ал 9 үй осы жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Бұл – көптеген отбасы жаңа пәтерлермен қамтамасыз етіледі деген сөз. Қазір «Сарыарқа» шағын ауданында жаңа үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев екі балабақша мен әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандар құрылысына арналған нақтылы жобамен танысты. Сондай-ақ, жолдар мен инженерлік коммуникацияны қайта жөндеу, жасыл көшет отырғызу, тұрғын үйлердің ауласын балаларға арналған алаңмен жабдықтау арқылы абаттандыру қарастырылуда.
Жаңа заман балаларына арналған мектеп
Келесі кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа» тұрғын үй кешені ауданындағы «Балалардың техникалық мектебіне» келді. Мемлекет басшысын мектептің үш оқушысы қарсы алды. Президент әрбіреуінің қолын қысып, болашақта қандай мамандық иесі болғылары келетінін сұрады. Леня Троян ұшқыш болуды армандайтынын, әуемодельдеудің қыр-сырына үйреніп жүргенін айтты.
Бұл – пайдалануға дайын тұрған 12 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан мектеп үйі. Мектептің мақсаты: балалардың шығармашылығын дамытуға жағдай жасау. Мектеп директоры Сергей Шнайдердің айтуынша, үйірмелерге келетін 200 оқушы 6 көркем-техникалық және 10 техникалық бағыттағы топтарға қатысады. Өңірдегі ерекше құрылған бұл жоба жаңа заман үлгісінде оқушыларды роботты техника, радиоэлектроника, авиа, кеме модельдерін жасау, стендтік модельдеуге үйретеді.
Кешенде 15 оқу кабинеті бар. Кабинеттер заманауи құралдармен жабдықталған. Қосымша сабақтар тегін жүргізіледі. Бұл оқушылардың ғылым мен техника әлеміне, еңбекке деген қызушылықтарын қалыптастырады. Бос уақыттарын шеберханаларда, зертханаларда өткізеді. Олардан бәсекеге қабілетті болашақ инженерлер, конструкторлар, өнертапқыштар, ұшқыштар, кеме жасау мамандары өсіп шығатыны анық.
Ауылға да, қалаға да ортақ «Арго»
Техникалық мектептен шыққан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Руслан Аушев басқаратын «Арго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келді. Облыс халқына есімдері жақсы таныс ағайынды Аушевтар қуғын-сүргін көрген чешен-ингуштардың балалары. Жалпы, «Аргоның» ауыл мен қаладағы іске асырып жатқан жұмыстары іс бастаған кәсіпкерлерге керек-ақ үлгі. Кәсіпкер Руслан Аушев облыс орталығының шеткі жағында өз қаржысына элеватор тұрғызды. Элеваторда астықты кептіру, желдету, тиеу секілді жұмыстардың барлығы автоматтандырылған. Серіктестік директоры Руслан Аушевтың айтуынша, Железин ауданындағы «Пахарь» агроқалашықтарының жекеменшік иелігінде 9,2 мың гектар суармалы алқап бар.
2015 жылы 1,2 мың бас ірі қара Австралиядан әкелінген. Қазіргі таңда мұнда 180 адам жұмыс істейді. Биылғы жылдың аяғына қарай сүт-тауарлы фермасын іске қосу көзделуде. Жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. 48 отбасына әрқайсысы 12 пәтерден тұратын қосқабатты төрт үй ұсынылған. Сондай-ақ, бассейн, спортзал, дәмхана, дүкен, дәрігерлік амбулатория, машина-трактор шеберханасы, автогараж, тұқым қоймасы жұмыс істейді.
Бұдан кейін Елбасы өңірде өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесін аралап, облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесті. Олар орақ науқанының барысы мен аграрлық саланың даму қарқыны жөнінде әңгімеледі.
Жиналғандарға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін пайдалану қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қытайға таяудағы сапары барысында сол елге экспортталатын дәнді және майлы дақылдар мөлшерін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін келісімге қол жеткізілгенін ерекше атап өтті.
Облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері Мемлекет басшысына елдің ауыл шаруашылығы саласына қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Бозшакөлге индустрияландыру дүбірі жетті
Түстен кейін Елбасының қатысуымен облыс орталығындағы Достық үйінде Екібастұздың«Бозшакөл» тау-кен байыту комбинатына қатысты телекөпір өтті. Бұдан бұрын да, 2015 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында Бозшакөлде іске қосу-реттеу жұмыстары басталған болатын. Биыл ақпанда алғашқы мыс концентраты алынды. Бозшакөл өнімінің алғашқы партиясы Қытайға экспортталмақ.
Достық үйінде Елбасының қатысуымен болған телекөпір барысында «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-інде жаңа фабрика іске қосылды. Мемлекет басшысына «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің басқарма төрағасы Олег Новачук кен-байыту кешенінің толық жұмыс циклін баяндап берді. 2016 жылдың ақпан айында мұнда алғашқы мыс концентраты өндірілсе, енді қуаты жылына 5 млн тонна кенді құрайтын жаңа кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жалпы жылдық өңдеу көлемі 30 млн тоннаға жететін болады.
– Бозшакөл тау-кен байыту кешенін іске қосу үшін 2,2 млрд теңге жұмсалды. Кәсіпорын өңірдегі кен саласын дамытуға үлесін қосады. Ең бастысы, осы өнеркәсіптің арқасында 2 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Мен барлық әкімдер мен Үкімет басшыларын жаңа жұмыс орындарын ашуға баса назар аударуға шақырамын. Себебі, бұл – мемлекеттің міндеті. Біз әр адамды жұмыспен қамтуымыз керек. Ал егер ол еңбек еткісі келмесе, өзі біледі. Десе де, жұмыс мәселесі алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Бүгін біз кенді қайта өндіретін және мыс концентратын шығаратын жаңа фабриканың ашылуының куәгері болудамыз, – деді Президент.
Бұл далада мыс қана емес, сондай-ақ, молибден, алтын, күміс және басқа да құнды металдар бар. Яғни, Бозшакөлді эволюциялық өркендеудің ғасырлық жобасы деуге болады.
Сенім жүгі ауыр
Сапар соңында Достық үйінде ел Президентінің қатысуымен облыс жұртшылығымен кездесуі өтті. Жиынға еңбек сіңірген ардагерлер, өндірістік кәсіпорындардың жұмысшылары, аграрлық сала өкілдері, жастар көшбасшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері қатысты.
Облыс әкімі Болат Бақауов Елбасына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ал Елбасы өз сөзінде тәуелсіздік жылдарында дамудың орнықты экономикалық моделі жасалғанын атап өтті. Нарықтық экономика үшін дамудың жаңа «локомотивіне» айналған мықты кәсіпкерлер табы пайда болды. Бүгінде елімізде 1 миллион 260 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік саладағы жетістіктерінің де маңыздылығын атап өтті. БҰҰ-ның даму бағдарламасының рейтингіне сәйкес, Қазақстан әлемде 55-орын иеленіп, адами даму деңгейі жоғары мемлекеттер тобына енді, деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан экономикасының «индустриялық-өнеркәсіптік тірегіне» айналған өңірдің елеулі даму нәтижелеріне назар аударды. Өңірдің одан әрі дамуының іргелі индустриялық базасын құраған ауқымды жобалар жемісті жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 250 мың тонна болатын, бастапқы алюминий өндірілетін электролиз зауыты салынды, ол Қазақстанды түсті металлургиядан жетекші елдер қатарына қосты. Бұл маңызды жобаның дамуы барысында «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамында алюминий сымдарының өндірісі іске қосылды. Тағы бір маңызды нысан – қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын хлор мен күйдіргіш сода шығару жөніндегі «Каустик» акционерлік қоғамының зауыты, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті жиналғандарды Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының жаңа фабрикасының іске қосылуы секілді тарихи жаңалықпен құттықтап, жаңа өндіріс Павлодар облысының индустриялық-инновациялық әлеуеті жоғары екенін көрсететінін атап өтті. Жаңа кәсіпорын Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының кенді қайта өңдеу қуатын 30 млн тоннаға, мыс концентратын өндіру көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы облыстың энергетика саласында да көш бастап тұрғанын айтты. Тәуелсіздік жылдары оған 600 млрд теңге инвестиция салынды, 2300 мегаваттан астам жаңа қуат көзі іске қосылды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті облыстың көлік инфрақұрылымы жақсарғанын атап өтті. Ақсу – Курчатов темір жол тармағы іске қосылды, Омбы қаласына дейінгі халықаралық автодәліз қайта жаңартылды. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Ертіс өзені үстінен көпір өткелі салынуда. Астана – Павлодар бағытында салынып жатқан автобанның құрылысы жоспар бойынша 2017 жылы аяқталады, деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік салада жүйелі жұмыс жүргізіліп отырғанын айтты. Облыстың тұрғын үй қоры 25 жылда 1,7 млн шаршы метр тұрғын үйге дейін көбейді. Былтырғы жылдың өзінде денсаулық сақтау саласын дамытуға 35 млрд теңге бөлінді. Бұл Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылындағыдан 100 есе көп. Өңірдегі білім беру саласындағы көрсеткіштер де жақсы. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш
ауысыммен оқытатын мектептер жоқ, деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында елімізді одан әрі дамыту үшін төтенше шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Ең бірінші кезектегі маңызды міндет – Қазақстан экономикасын дамудың индустриялық-инновациялық жолына көшіру.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімді, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін мемлекет тарапынан қажетті барлық жағдайлар жасала беретінін айтты.
Жұртшылық өкілдері Мемлекет басшысына өңірді дамыту мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп, тиімді мемлекеттік саясат жүргізіп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Соңында Қазақстан Президенті облыстың тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістігіне өңір тұрғындарының ерен еңбегі арқасында қол жеткізілгенін айтып, павлодарлықтарға зор денсаулық, амандық және береке-бірлік тіледі.
Фарида БЫҚАЙ
Павлодар
Дереккөз: egemen.kz