Дүйсенбі күні «Хабар» арнасы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың эксклюзивті сұхбатын көрсетті. Мемлекет басшысы журналистердің көкейінде жүрген ең өзекті сауалдарға жауап берді. Латын әріпіне көшу, қоғамдық сананы жаңғырту барысы, конституциялық реформа, «EXPO 2017» көрмесі және т.б. мәселелер сөз болды.
Ақмола облысының Бурабай елді-мекенінде өткен әңгімелесу барысында Президет Қазақстандағы туризмге қатысты ой бөлісті: «Мен дүниедегі әдемі жерлердің бәрін көріп шыққан адаммын. Келе жатқан ұрпаққа да, замандастарыма да қазір демалуға ешқайда барғым келмейтінін айта аламын. Қазір Бурабайда отырмыз. Мұндай керемет жерді еш жерде көрмейсің. Табиғаты сақталған, әдемі, жердің жәннаты сияқты. Көлі де, тауы да, суы да бар. Дәл осылай Шығыс Қазақстанға барсаң адамның аяғы баспаған жерлер бар».
Сондай-ақ Елбасы латын әріптеріне көшудің маңызына да ерекше тоқталды. Жаңа әліпби мемлекетімізді алдыңғы қатарлы елдермен терезесі тең тұруға алып келетінін айтты. Сонымен қатар латынға ауысу барысы қажырлы еңбек пен ұзақ дайындықпен жүзеге асатынын жеткізді.
Сұхбат барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында өтіп жатқан «EXPO-2017» көрмесі жөнінде пікірін білдірді. «EXPO-2017» көрмесі түрлі мемлекеттердің соңғы технологиялармен танысып, оларды қолдануға мүмкіндік береді. Біз дүние жүзі ғалымдарының бірегей ойларын бір жерге жинадық. Біздің ғалымдар, министрліктер мен басқарма мамандары жобаларды көріп, өзімізде қолдануға мүмкіндік алып отыр»,– деді Президент.