- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Елбасы Қазақстан халқына...
Елбасы Қазақстан халқына үндеу жолдады
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазіргі коронавирус жағдайына байланысты қазақстандықтарға үндеу жолдады.
Қымбатты отандастар!
Бүгінде бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз.
Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда.
Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді.
Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс – шикізат, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы ушықтыра түсуде.
Мұның бәрі біздің елді де айналып өтпейтіні анық.
Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз.
Шешу жолдарын табу тұрғысынан күрделі боп отырған қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды.
Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік.
Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын.
Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады.
Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам.
Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау.
Қазір коронавирус инфекциясының залалалын азайту және экономиканы тұрақтандыру жөніндегі арнаулы штаб жұмыс істеп жатыр.
Азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық мақсатқа арналған заттардың тапшылығына жол бермеу үшін барлық жағдай жасалуда.
Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бәрі де орындалуда.
Елдегі құқықтық тәртіп қамтамасыз етіліп отыр.
Отандық кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
Жұмыс орындарын сақтауға барынша күш салынуда.
Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар қазіргі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынды.
Мен мұны толық қолдаймын!
Сонымен қатар, қазіргі дағдарыс ұзағырақ уақытқа созылар болса, Үкімет оған қарсы шаралар әзірлеуге тиіс.
Ондай жағдайда елімізді және азаматтарымызды қатаң үнемшілдікке, кешенді орнықты даму бағдарына шығуға дайындау керек.
Құрметті қазақстандықтар!
Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер.
Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс.
Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті.
Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады.
Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн.
Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс.
Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын.
Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенемін.
Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет.
Ол жұмысты тиісінше сол жерлердің әкімдері жүзеге асырғаны дұрыс.
Бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік.
Екіншіден, мен қазірдің өзінде ұлттық бизнес өкілдерінің ел-жұртқа көрсетіп жатқан көмегі үшін ризашылығымды білдіремін.
Мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкілдерінің саны көбейе түседі деген үміттемін.
Компаниялар иелері өздерінің қол астында еңбек етіп жүрген жандарға қаржылай да, моральдық тұрғыдан да жәрдемдеседі деп сенемін.
Мәселен, уақытша демалысқа жіберуге мәжбүр болған жағдайда еңбеккерлерді ақылы түрде босатқан немесе қысқартылған жұмыс кестесіне көшкен абзал.
Отандық бизнес өкілдерін жалдамалы қызметкерлерді жұмыстан шығармауға шақырамын.
Сіздер жұмыс орындарын сақтау арқылы қоғамға қамқорлықтарыңызды көрсетесіздер.
Еліміздің кен өндірісі мен шикізат ресурстарын өңдеу және өнеркәсіп саласындағы ірі инвесторлар да Үкіметпен, әкімдіктермен бірлесе отырып, өздері жұмыс істеп жатқан өңірлердің тұрғындарына қолдау көрсетуге тиіс.
Қиындықта қол ұшын беру – игі дәстүр, халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет.
Үшіншіден, қазіргі уақытта ең әуелі аса мұқтаж жандарға көмек көрсету керек.
Менің тапсырмаммен «Nur Otan» партиясының жобалары аясында 150 миллион теңге бөлінді.
Бұл қаражат карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалады.
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін менің шешіммен Тұңғыш Президент Қоры есебінен тағы 200 миллион теңге бөлінді.
Жалпы, коронавирусқа қарсы күреске арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуын «Nur Otan» партиясы бақылауында ұстайды деп ойлаймын.
Төртіншіден, үлкен кісілерді, балалар үйі тәрбиеленушілері мен арнаулы аураханалардағы науқастарды қажетті заттармен үзбей қамтамасыз етуге баса көңіл бөлген жөн.
Еліміздің көмекке мұқтаж әрбір азаматына қамқорлық көрсетілуге тиіс.
Қазақстандықтар қиын кезеңдерде әрдайым бір-біріне жәрдемдескен.
Бұл іске еріктілер қозғалысының өкілдері де атсалысады деп сенемін.
Бесіншіден, біз пандемиямен күрестің «алдыңғы шебінде» жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлерді қолдауымыз керек.
Олардың иығына ауыр жүк түсіп, зор жауапкершілік артылып отыр.
Жұртшылықтың оларға көмектесіп, түсіністік танытуға және барлық нұсқауын жауапкершілікпен орындауға тырысқаны жөн.
Қадірлі отандастар!
Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан да күрделі кезеңдерді бастан өткердік.
Барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында еңбек етіп келеміз.
Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз деп сенемін.
Қазақстанның жолы қиындықсыз болмайтынын мен тәуелсіздіктің бастапқы кезінде-ақ білгенмін.
Бұл ретте тарих пен уақыт біздің жоспарымызға өзгерістерін енгізетінін ескерген едім.
Жайма-шуақ кездердің өзінде де біз алдымыздан шығуы мүмкін сын-қатерлерге дайындалып, алмағайып уақыттарда қажет болатын резерв қалыптастырдық.
Жинақталған алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор қаражаты әрдайым біздің қабылдаған шараларымыз бен жалпы ұлттық экономиканы қолдауға септігін тигізді.
Қазір осы күрделі ахуалдан шығу үшін Қазақстанда барлық қажетті ресурс бар, қор да жеткілікті.
Бұл – біздің «Алдымен экономика, сосын саясат» қағидатына негізделген бағыт-бағдарымыздың нақты нәтижесінің бірі.
Жаңадан мемлекет құру оңай емес, ал оны сын-қатерден қорғау және тәуелсіздікті сақтап қалу одан да қиын.
Бізде тәжірибе де, нақты іс-әрекет алгоритмі де бар.
Мен ұлтты ұйыстырудың, бірлік пен қоғамдағы келісімнің маңыздылығын үнемі айтып келемін.
Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туды.
Еліміздің барлық азаматтарын төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырамын.
Бірлік барда алынбайтын асу жоқ.
Келе жатқан Наурыз мейрамы – біздің бірлігіміздің нышаны.
Шуақты мереке қарсаңында әрбір шаңыраққа шаттық пен игілік тілеймін!
Барлық ауыртпалық бізді айналып өткей.
Қазақстан бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін.
Біз біргеміз!
Н. Үсенова