Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан Ұлт жоспары бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам бағдарламасы ел ертеңіне оң өзгерістер әкелетін бірегей бағдарлама. Бүгінгі мақаламыз 61-қадам, яғни ЕТ ӨНДІРІСІ МЕН ӨҢДЕУДІ ДАМЫТУ ҮШІН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРДЫ ТАРТУ. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау турасында. Жақында Арал өңіріндегі Қамбаш көлінің аумағында Арал балықшыларының жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын слеті өтті. Бұл шараға Қызылорда облысының барлық ауданынан балық шаруашылығын кәсіп көзіне айналдырған балықшылар қатысты. Шара барысында олар өз еңбектерін таныстыруға мүмкіндік алып, өзара тәжірибе алмасты. Балықшылар басқосуына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметкерлері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ, Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл облыстарының және Ресей федерациясынан арнайы делегация келіп қатысты. Осы орайда жаза кеткен орынды болар, Ресейдің Ульяновск облысындағы Дмитровград қаласында Аралда ауланған балықты өңдейтін зауыт ашылды. Бүгінгі Аралдан 1 жылда 8 мың тонна балық ауланады. Аймақта осы ауланған балықты өңдейтін 8 зауыт жұмыс жасауда. Өңірде ауланып, зауытта өңдеуден өткен балықтар Әзірбайжан, Дания, Польша, Ресей, Қытай, Грузияға экспортталады. Аралдың суы азайғанымен, тайдай тулаған балығы азайған жоқ. Соңғы 5 жылдағы деректерге назар салсақ, балық аулау көрсеткіші екі есеге дейін артқан. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге жоғары. Билік басшыларының қатысуымен өткен балықшылар слетінде атаулы шаруашылықтың дамуына айтарлықтай үлес қосып, шаруада еңбекқорлығымен көзге түскен азаматтар Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен және жекелей медальдармен марапатталды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1920 жылы Повольжедегі аштан қырылған тұрғындарға қол үшін беру үшін тек Бөген ауылының өзінен 14 вагон балық жіберілген. Теңіз түбіндегі байлықты азық қылып, тұрмысын жайлап отырған ауылдың жағдайы теңіз тартыла бастағаннан кейін құрдымға кете бастады. Сексенінші жылы тартылып басталған аумақтағы жағдайды реттеу үшін Елбасы бастама жасап, Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасы жарыққа шықты. Осы жоба бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесінде балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өскен. САРАТС-І жобасының арқасында Кіші Аралға су келіп, жоғалып кеткен алуан түрлі балықтар Аралда қайтадан тіршілік бастады. Аралды құтқару қорының құрылғанына биыл 25 жыл толды. Осының құрметіне биыл облыс көлемінде Арал теңізінің күні салтанатты түрде аталып өтілді. Ал, жалпы балықшылардың мерекесін тойлау обыста 2015 жылдан бері қолға алынған. Балықшылар слетінің өту барысында Аралдың беті құстай зулаған маторлы қайықтарға толды. Көрермендерге арнайы көрме ұйымдастырылып, аймақтың бұрынғы балықшылары пайдаланған құрал-жабдықтар сөреге қойылды. Сыр елінің даласында жырдан шашу шашылып, Нұрлан Өнербаев бастаған өнерпаздар құйқылжыта ән салып, бишілер бұрала би биледі. Облысқа арнайы ат басын бұрған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыстың шаруашылығымен танысып, Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау (САРАРТС-ІІ) жобасының ІІ фазасының жұмыстарын іске асыру бойынша жиын өткізді. Осы отырыстың нәтижесінде, аталған жобаның екінші фазасының 4 компоненті республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын болды. Қызылорда облысының Қармақшы, Жалағаш аудандарында өзеннің қорғаныс бөгеттерін нығайту, су тораптарын жөндеу, өзен арнасын түзету жұмыстары бүгінде толықтай жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, Қазалы ауданына қарасты Бірлік ауылының тұсынан көпір тұрғызу жұмысы да өз бастауын алған. Жергілікті тұрғындардың және балықшылардың өтініші бойынша, Көкарал бекетін нығайту, Қарашалаң мен Тұщы көлдерінің тұсында өзен атырабын қалыпқа келтіруге байланысты бірқатар шешімдер қабылданып, жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жоспардағы бұл жұмыстардың жүзеге асуы теңіздің тұздануын төмендетуге, Солтүстік Арал теңізінің су айналымын қайтадан орнына келтіруге, Көкарал бөгетін нығайтуға пайдасын тигізеді. Ұйымдастырылған бұл шара балықшылар қауымы үшін үлкен мереке. Слет өтеді деген хабарды естігенде жас баладай қуанған Аязбек Ерімбетов аумақтағы балықшылардың жағдайы жайлы айтты. Қазір балықшылардың жағдайы жаман емес. Барлығы отбасын асырап, осы шаруашылықтан нәпақасын тауып жүр. Бұрындары біздің балықтар өзге елге шикізат есебінде жөнелтілетін. Бүгінде, өзіміздің дайын өніміміз экспортталып жатыр. Болашақта САРАТС жобасының ІІ кезеңі жүзеге асады. Кіші Арал теңізі қалаға тағы 1 шақырым жақындайтын болады. Жоспар бойынша, алдағы уақытта жылына 30 мың тонна балық ауланады. Соған сәйкес, балықты өңдейтін зауыттардың жылдық қуаттылығы да 30 мың тоннаға жетеді деп жоспарланған, - деді балықшы Аязбек Ерімбетов. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жұмыстары қарқынды жүзеге асып жатқанын жеткізді. Елбасының бастамасымен жүзеге асып, Ғасыр жобасы атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау аталған жоба аясында бірінші кезекте атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде, Арал өңірінің атакәсібі балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды даму үстінде. Бүгіндері Арал теңізінен 8 мың тонна балық ауланып, жергілікті балық өңдеу зауыттарында өңделуде. Иә, қасиетті Сыр елі өзінің жерасты байлығы мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт түлік малымен бірге Арал балығымен мақтана алатындай берекелі, құтты мекен. Арал өңірінің атакәсібі балық шаруашылығының өзіндік аймақ экономикасындағы салмағы, тұрмыстық-шаруашылық, тарихи мән-мағынасы ешбір кеміген жоқ. Сондықтан біз төртінші жыл қатарынан Арал өңірі балықшыларының дәстүрлі слетін өткізіп келеміз. Биылғы слетімізді Үкіметтің қаулысына сәйкес, ресми түрде белгіленген Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне орай атап өткелі отырмыз. Арал өңірі балықшыларының 4-ші слетін ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер! Ағымдағы жылдың наурызында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Арал балық өңдеу зауытында болғанда Облыстың балық шаруашылығының жағдайы мен Аралда өткен арнайы мәжілісте Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау, яғни САРАТС жобасының екінші фазасының іске асырылу барысы кеңінен талқыланды. Кеңес заманында Арал өңірінен (Арал, Қазалы аудандары) 8 Кеңес Одағының батыры, 21 Социалистік Еңбек Ері, 2 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты шыққанын мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі күні де теңіз дауылына желкенін жықпай, өмір соқпағына мойымай атакәсіпті жаслғастырып жүрген балықшылар легі баршылық. Осы ретте, нарықтық экономика заманында балықшылардың басын біріктіріп, ел игілігіне қызмет жасап жүрген Әділбек Әйімбетов, Аманбай Ерхатов, Төребек Игіліков, Батырхан Пірекеев, Табын Аленов, Шүкірбай Абдуалиев, Ақылбек Байқошқаров сияқты елдің мықты азаматтарының еңбегін ерекше атап өткім келеді, - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев. Көлемі бойынша әлемдегі ең үлкен 4 көлдің бірі болған Аралдың бүгінде суы тартылғанымен, ондағы тіршілік түпкілікті жойылған жоқ. 2000 жылдармен салыстырғанда теңіздің бүгінгі жағдайы бірнеше есеге жақсарғанын жоғарыда жазып өттік. Елбасының бастамасымен қолға алынған жобалар түпкілікті жүзеге асар болса, Аралдың жағдайы жақсарады деп сенеміз!