Егемендік, кемеңгерлік және көрегендік

Дербестігімізді алып, тәуелсіздік туын көтергенімізге жиырма бес жыл толды. Тұтас бір ел, жеке қоғам үшін бұл уақыт оның даму тарихында аққан жұлдыздай қас-қағым сәт. Өйткені, кез келген қоғамдағы елеулі өзгерістер жолында ондаған, тіпті, жүздеген жылдар өте шығатыны тарихтан белгілі. Дегенмен, қоғам дамуының, ондағы күрделі өзгерістердің бір жылы он жылға, тіпті, одан да ұзақ мерзімге татитын кезеңдер болады. Сондай кезеңдердің бірі – біз, қазақтар, қазақстандықтар, атап өткелі отырған егемендігіміздің алғашқы ширек ғасыры. Ал осы ширек ғасырдағы қарышты қадамдарымыздың бірден-бір жетекшісі, әлбетте, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған кезекті туындысы – «Ұлы дала ұлағаттары» – қазақ сахарасының елдік философиясы дер едім.

Ширек ғасыр шыңдары

Әңгіме басын, тәуелсіздіктің жиырма бес жылындағы жетістіктерден бастасақ. Осы тарихи кезең ешкімге жал­тақтамай тәуелсіз мемлекет құру­дың қамына кірісуге жол ашты. Біз азаттығымыздың арқасында өрке­ниет­ті елдердің жолымен жүруге мүм­кіндік алдық. Осы уақыт ішінде көп­теген күрделі реформалар жүргізіп, қоғамымыздың бұрынғы бетпердесін түбегейлі өзгертіп, қазіргі заман талабына сай қайта жасауға кірістік.

Ұлан-ғайыр істердің алғашқы жылдарын­да әртүрлі себептерден туған батпан­дай қиын­дықтарды да басымыздан өткізуге тура келді. Олар­ды еңсере біліп, қол жеткізген же­тістіктерімізді ауыз толтырып ай­туға болады. Алғашқы онжылдықта мем­лекеттік басқару жүйесі, ішкі-сыр­тқы саясат, әлеуметтік қорғау, на­рықтық экономика жүйелері жасалып, іске қосылды. Әлемдік қау­ымдастықта демократия мен нарықтық эко­номикаға көшкен ел ретінде тиісті ор­ны­мызды алдық.

Біз жүргізген сыртқы саясат көп­те­ген әлем елдерімен достасу­ымызға, олар­мен тығыз байланыс орнатып, жас мемлекетіміздің дамуына керек мүм­кіндіктерді кеңінен пайдалануға жағ­дай жасады. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан ешбір елмен дауласпады, жа­ға жыртыспады. Бүгінгі алай-түлей заманда байсалды, бейбіт қалпын сақтай білген бірден-бір ел – біздің Қазақстан.

Мемлекетіміз жүргізген ішкі саясат егемендік жылдарында еліміздегі ұлттар достығын, бірлігін сақтап, барша халықтың бір мақсатқа жұмыла кірісуін қамтамасыз етті. Әрбір қоғам­ның сапасы оның тұрақты дамуымен өл­шенеді. Егемендіктің тұсында қазақ қо­ғамы тұрақты дамудың үлгісін көр­сетті. Араласқан әлем елдері біздің қо­ғамның осы қасиетін әр уақытта ай­тып, үлгі етіп жүреді. Егемендік туын көтергенімізге он жылға жетпей, АҚШ, Германия, Франция, Ита­лия, Австрия сияқты дамыған елдер Қазақстанды демократиялық үрдісті қабылдаған, нарық экономикасы елі деп таныды. Нәтижесінде, шет елдерден бізге керек миллиардтаған инвес­тиция келді, жүздеген кәсіпорын бой көтерді, өндірістің бізде бұрын бол­маған – машина жасау, ақпараттық тех­нология, ядролық энергетика, химия, құрылыс материалдары өн­ді­рісінің заманауи салалары, өңдеу, та­мақ­ өнеркәсібінің көптеген нысандары салынып, іске қосылды.

Егемен елдің өзіне тән салық, бюджет жүйелері, кеден кешені құрылды, б­ү­гін осы салалардың барлығы да елі­мізде тұрақты түрде жұмысын жал­ғастыруда. Кәсіпкерлердің саны да, сапасы да өсті. Қазір бізде әлемдегі озық үлгіге сәйкес жасалған қаржы жүйесі бар. Қазақстан экономикасын келеңсіз жағдайлардан сақ­тан­ды­ратын, тығырықтан шығуы­на тікелей жәрдемдесетін өте қо­мақ­ты қаржы жиналған Ұлттық қо­ры­мыз жұмыс істейді. Егемен ел­дің эко­но­ми­ка­сының айналымын қам­та­масыз ете­тін ұлттық валюта – теңге бар. Бір сөз­бен айтқанда, елімізде нарық эконо­микасы толыққанды жұмыс жасау үшін оның барлық тетіктері жасалды.

Тәуелсіз елдің көшін бастаған Тұлға

Тәуелсіздік асуларын баяндай ке­ліп, еліміздің көшін бастаған, ре­фор­маларды табандылықпен жүр­гізе білген Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның еңбегі ерен деп айтуымыз керек. Президент Нұрсұлтан На­зарбаев тарихымыздың өте бір күр­делі кезеңінде егемендігіміздің туын кө­теріп, мемлекетімізді басқару ісін­де кемеңгерлігін көрсете білген қай­раткер. Оның сарабдал саясаты Қа­зақ­стан жұртының қол жеткізген же­тіс­тіктерінің демеушісі һәм жебеушісі болды.

Мемлекет басшысы халқымыздың келешегін анықтайтын, болашағын бү­тін­дей­тін күн тәртібін ұсына білді және оның жүзеге асуын үлкен ше­берлікпен, жасам­паз­дықпен бас­қарды. Қазіргі заманның ең өзекті мә­селелерін көтеріп, оларды шешу жол­дарын әлем елдерінің назарына ұсынғаны – оның халықаралық дә­режедегі қайраткер екенін таныт­ты. Мұны әлемдік деңгейдегі сая­сат­керлердің Президентіміз туралы шешіле сөйлеген сөздерінен, іс­кер­лігін мойындаған пікірлерінен білеміз.

Бізді, қазақтарды, әлем сахнасына шыға­рып, елдігімізді баршаға паш ете алған Нұрсұлтан Әбішұлындай қай­­раткер қазақ та­рихында бұрын бол­­­ған жоқ. Ол ұсынған, халық қол­да­­ған саясаттың арқасында біз, қа­зақ­­стандықтар барша әлемді шар­ла­­­дық, жер беті өркениетінің озық үл­­гі­лерімен сусындадық. Дамыған елу елмен иық тірестік. Елбасы кө­ре­­гендігімен қолға алынған шаруа­лар елімізді әлі талай белестерден биік­те­тіп, асулардан асыратынына сенім мол.

Ол жаңа астанамызды тұрғызды, өзі­нің кемеңгерлігімен Астананы әлем елдері басшылары жиналып, зама­нымыздың бүгіні мен ертеңі туралы кеңес құратын беделі жоғары халықаралық орталық дәрежесіне көтере білді. Астаналық форумдар шешімдері әлем елдері тарихында сақталатынына күмән жоқ.

Қазақ сахарасының елдік философиясы

Осыдан бір-екі жылдай бұрын Нұр­сұлтан Әбішұлының қаламынан шық­қан өзі туралы естелігін оның тамаша баяндалған өмір философиясы деп едім.

Міне, Елбасының қаламынан та­ғы бір тамаша туынды жарық көр­ді. Оқыдым, тақырыптарына көз жібердім, терең сырларына да бой­лауға тырыстым. Осылардан кей­ін «Ұлы дала ұлағаттары» қа­зақ саха­расының ғасырлар бойы қа­лып­тасқан елдік философиясы деген тұ­жырымға келдім. Тұрмыс, салт-дәс­түр, дархан көңіл, қариялар мен жас ұр­пақ, жақсы мен жаман, үкілеген үміт, әлем елдері мен қазақ қоғамы, Мәң­гілік ел болу жолдары, осылардың бәрі де біздің дүниетанымымыз бен асқақ арманымызды көрсете бі­ле­тін ұлы дала перзенттерінің адами қыр­ла­ры. Олар терең ой, сұлу сөзбен ерекше бе­зендірілген.

Кез келген қоғамның кемшілігі де бар. Президент бұл туындысында дәл қазіргі кездегі түйінді мәселелерді де, шешуі қиын проблемаларды да сөз еткен екен. Және оларды тарқату жолдарын да егжей-тегжейлі баяндай кетеді. Сондықтан қоғам назарын тіккен еңбекті ендігі даму жолымыздың бір жос­пары деп те айтуға болады.

«Ұлы дала ұлағаттары» оқыр­ма­нына ой салады, жас ұрпақтың өз Отанына құрметін арттырады. Ел­ді­гі­міз­ді паш еткен еңбек орыс, ағылшын тіл­деріне аударып, әлем жұртшылығы на­зарына ұсынуға сұранып-ақ тұр. Ел­ба­сының өз халқын, оның өмір филосо­фия­сын әлемдік қоғамдастықтың бі­луіне жасаған тағы бір сәтті қадамы бо­лар еді.

Кенжеғали САҒАДИЕВ,

Академик

egemen.kz