Мемлекеттік тілді менсінбей, оған Кеңес заманындағыдай көзқараспен қарау – қазір «сән» емес. Сонда да кейбір өз қазағыңның ескі идеологиядан есін жия алмай, тәуелсіздік жылдарында туған ұрпақтың тілін орыстандырып отырғаны қынжылтады. Ана тілінде сөйлеспейтін отбасында өскен кез келген ұл мен қыз балабақшада да, мектепте де ұлтын сүйіп жарытпайды… Біз осындай кереғарлықтармен күресіп жүрген тіл жанашырларының бірі, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол ТІЛЕШОВТЫ әңгімеге тартқан едік…
– Ербол Ердембекұлы, Тәуелсіздік алған 25 жылдан бері елімізде мемлекеттік тілге қатысты қыруар жұмыс атқарылып жатқаны рас. Көбінің басы-қасында өзіңіз де белсенділік танытып жүрсіз. Осы тұрғыдан келгенде қандай нәтижені баса айтар едіңіз?
– Әрине, 25 жылда ел өмірінде сан түрлі жаңалықтар болды. Ең бастысы, қазақ елінің тәуелсіздігі бекіді, бізді әлем таныды. Қазақ тілі Конституциямызда мемлекеттік тіл ретінде айқындалды. Ата Заңдағы: «Орыс тілі ресми түрде» қолданылады деген тіркес бұл тілді мемлекеттік тіл деңгейіне көтермейді. Сондықтан кейбір ағайындардың орыс тілін «ресми тіл» деп сөйлеуін, жазуын өрескел қателік деп санаймыз. Еліміздегі тілдерді қолданудың реті мен барысы 1997 жылғы 11 шiлдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңында нақты бекітілді. Осы заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп анық көрсетілген. Сондықтан әрбір азамат қазақ тіліне берілген осынау мүмкіндікті толық пайдалануы қажет. Бұл – әрі азаматтық міндет, әрі борыш! Көп ағайындар әлі күнге дейін өзінің қазақ баласы ретіндегі осындай құқығы мен табиғи парызын ұғынбай жатқаны тағы бар. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудегі ең үлкен нәтиже – қазақ мектептерінің еселеп көбеюі. Егер 1991-1992 оқу жылында қазақ тілінде барлық оқушылардың 28 пайызы ғана оқыса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайызға жуықтады. Осы қыркүйек айында 1 сыныпқа барған оқушылардың 89 пайызы қазақ мектебін таңдапты. Яғни, бұл дегеніңіз – мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің өскеніне дәлел. Асылы, біздің елімізде мемлекеттік тілге қатысты қордаланған мәселелерді күндердің күнінде қазақ халқының табиғи өсімі есебінен демографияның өзі-ақ шешетіні айқын аңғарылып келеді. Әлбетте, тіл саласында шешімін күтіп жатқан түйткілді мәселелер бар. Мұндай мәселелердің көбісі «Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы» ауқымында шешілетін болар.
– Ал ең алдымен балаларды қазақша сөйлетейік дегенмен, сіз газетімізге 2014 жылы берген сұхбатыңызда мектеп оқулықтарының тіл қолданысында әлі де кемшіліктердің көптігін айтқан едіңіз. Ол мәселеге орта және жоғары оқу орындарына қазақ тілді оқулықтың жетіспеуін де қосып қоялық. Сонда бұл жүйесіздікті қалай жөнге келтіруге болады?
– Сөйлеу – ойлаудың жемісі. Қазақша сөйлемеген қазақ баласы қазақша ойлай да алмайды. Жас өркеннің тілінің қазақ тілінде шықпай, жат тілде шығуының ең басты себебі – ата-анасының бойында елжандылықтың болмауы. Сол себепті әрбір ата-ана баласына білім беруден бұрын ұлттық тәрбие беруге көңіл бөлсе екен. Кез келген ата-ана баласымен қазақ тілінде сөйлесіп, баланың қазақ тілін меңгеруіне жағдай жасаса, тіл мәселесі күн тәртібінен өзінен өзі-ақ түсіп қалар еді. Әзірше кейбір ағайындар балаларын ана тілінен алыстатып, өзге тілді мектептерге апаруда. Бұл – үлкен адасушылық! Өз елінде баланың өзге тілде оқуының келешекте қандай әлеуметтік, психологиялық өзгерістерге әкелетінін мұндай ата-аналар толық ұғынбауда. Мектеп оқулықтарына келсек, бұл салада кемшіліктер – шаш етектен! Жаратылыстану пәндерінің табиғи танымда емес, аударма мәтіндері арқылы берілуі, қазақ әдебиеті оқулықтарындағы тым консерваторлық мазмұн оларды қайтадан қарауды талап етеді. Мектептегі әдебиет пәнінің рөлі өте күшті. Қазақ әдебиеті – тек көркем шығармалармен ғана таныстырмайды. Сол көркем мәтіндер арқылы жас ұрпақ ұлтының барша болмысымен, дүниені қабылдау және оны бағалау ерекшелігімен табысады. Бұл – өте ұлы миссия! Осыны әдебиет орындайды десек, ең алдымен мектептегі әдебиет оқулықтарының мінсіз болмағы керек. Әзірше өз басым әдебиет оқулықтарынан баланы үйіретін жаңалықтан гөрі, оны қызықтырмайтын қасаңдықты көп байқаймын. Жоғары оқу орындарына келсек, мұнда да шешімін күтіп жатқан мәселелер жетерлік. Айталық, «Қазақ тілінің стилистикасы», «Көркем мәтін талдау» сияқты пәндердің оқулықтары ескіріп, жаңаша сипаттағы нұсқасын күтуде. Әдебиетке келсек, біз әлі сонау өткен ғасырдың 60-80 жылдарында жазылған оқулықтармен оқытудамыз. Мұндай оқулықтарда жаңа көзқарас, тың ғылыми әдіснама қайдан болсын?! Осындай себептер, айналып келгенде, заманға сай мамандар дайындауға бөгесін болады. «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» әлі күнге дейін бір автордың бір кітабымен оқытылады. Оның өзі сол 60-жылдардың аяғы, 70-жылдардың басында жазылған еңбек. Әдебиетті оқытудың құрылымы – әдебиет тарихын дәуірлеуге тікелей қатысты екені түсінікті. Осы реттен келсек, қазір қолданыстағы әдебиет тарихын дәуірлеу кестесінің жасалғанына 60-70 жыл болды. Одан бері әдебиет тарихының қаншама жасырын беттері жария болды, қанша қор қосылды, бірақ бізде бәрі баяғыдағыдай ескіше. Қазір магистранттар мен докторанттар дайындаудамыз. Қазақ тілі мен әдебиеттен оларға арналған тілдің, әдебиеттің ғылыми әдіснамасын меңгертетін жұқа кітапша да дайындалған жоқ. Ескі сүрлеу, ескі сарын. Осыдан білікті мамандар қалай дайындалмақ?!
– Орысшасы сауатты, қазақшасы «сақау» жарнамалар мен нысан атаулары да ұлт жанашырларының намысына тиіп жүр ғой…
– Дұрыс айтасың. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудегі үлкен бір мәселе – күнделікті мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдар оқитын жарнама тіліндегі сауатсыздық. Оның себебі, бізде бизнес тілінің мемлекеттік тілде болмауынан. Еліміздегі нарық саласы жаппай қазақ тілінде сөйлегенде ғана жарнама дұрысталады деп ойлаймын. Бұл арада қоғамның, азаматтардың белсенділігі қажет-ақ. Қазақ тілі – тіл комитетінің, басқармалардың ғана тілі емес, бәріміздің ортақ тіліміз! Сондықтан сондай сауатсыз жарнамаларды көргенде біздің ағайындар жолай сыншылық танытпай, сол нысанның иесіне, басшысына, қызметкеріне қате жарнама жөнінде айтса немесе тіл басқармаларына ескертсе, бұл сала барлық болмаса да, біраз қатесінен арылар еді. Жалпы жарнама саласында ғана емес, тілге қатысты барлық салада жаппай сұраныс пен қажеттілік орнаса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы бүгінгіден де ауқымды болары анық.
– Енді өзіміздің аты-жөнімізге келсек… Мәселен, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары «елімізде қазақ есімдерінің қалай жазылуы нақты құжатпен бекітілмеген» деген уәж айтады. Сондықтан көбіміздің төлқұжатымыз орыс тілінде толтырылса, қазақшаланған аты-жөндердің өзі қате жазылған. Неге?
– Құжаттардағы кісі аттары, әке аты мен фамилиялар кезінде орыс орфографиясына негізделгендіктен, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін толық сақтай алмады. Осыдан келіп, кісі есімдері мен әке аты және тегін жазуда көптеген қателер жіберілді. Осы олқылықтарды жою мақсатында бірқатар еңбектер жасалғанын, атап айтқанда, 1988 жылы «Қазақ есімдері. Казахские имена» атты жалпы көлемі 488 бет анықтама сөздік жарық көрді. Осы анықтама сөздікте «Кісі аттарының жазылуымен байланысты ережелер», «Кісі аттары мен фамилиялардағы қосымшалардың жазылуы» және «Қазақ есімдерін орысша транскрипциялаудың принциптері» атты ереже-нұсқау берілген. Сонымен қатар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы 2 сәуірдегі «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» №2923 және 2012 жылғы 4 ақпандағы №265 Жарлығы шыққандығын айта кеткіміз келеді. Әрбір азамат өзіне, баласына құжат алғанда осы Жарлықтың орындалуын талап еткені абзал.
– Таяуда ғана сіздер «Tilalemi.kz» порталы мен ономастикалық «Atau.kz», терминологиялық «Termincom.kz», орфографиялық «Emle.kz» сайттарын аштыңыздар. Солардың маңыздылығына және өзіңіз басқарып отырған орталықтың қазіргі жұмысына кеңірек тоқталып өтсеңіз…
– Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді үйрету үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсат етіп қойылған болатын. Осы мақсатты шешуде интернет ресурстарын іске қосудың маңызы жоғары. Мемлекеттік бағдарламаның аталған талабын сапалы деңгейде орындау үшін интернет-портал ашылып, бүгінгі таңда аса өзекті мәселе болып отырған ономастикалық, терминологиялық, орфографиялық электрондық қорлар құрылды. Тіл порталының іске қосылуы мемлекеттік тілді үйретудің тиімді әдістерін таратуға, еліміздегі орталықтардың жұмыстарын үйлестіруге, жалпы қоғамның тіл саласында белсенділік танытуына мүмкіндік туғызады. Порталдың қолданылу аясын кеңейту мақсатында алдағы уақытта күнделікті ақпараттар легімен алмасып отыратын жаңалықтар және қоғамға қажетті терминдерге қатысты екі блок үш графикада беріледі (кирилл, латын, араб). Бұл қолданушы оқырмандардың санын арттырады, мемлекеттік тілдің насихатталу ауқымын кеңейтеді.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудегі ең үлкен нәтиже – қазақ мектептерінің еселеп көбеюі. Егер 1991-1992 оқу жылында қазақ тілінде барлық оқушылардың 28 пайызы ғана оқыса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайызға жуықтады. Осы қыркүйек айында 1 сыныпқа барған оқушылардың 89 пайызы қазақ мектебін таңдапты. Яғни, бұл дегеніңіз – мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің өскеніне дәлел. Асылы, біздің елімізде мемлекеттік тілге қатысты қордаланған мәселелерді күндердің күнінде қазақ халқының табиғи өсімі есебінен демографияның өзі-ақ шешетіні айқын аңғарылып келеді.
Енді Орталықтың негізгі жұмысына тоқталар болсақ, біздің қызметкерлер «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру барысында жоспарлы түрде еңбек етуде. Орталықта мемлекеттік тілді үйрету және насихаттау барысында республикалық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, озық тәжірибелерді енгізуге, инновациялық әдістемелерді таратуға бағытталған жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ, ұлттық мәдени бірлестіктердегі жексенбілік мектептер арқылы этнос тілдерін және мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыруға мемлекеттік қолдау көрсету, аталған мектептердің қызметін әдістемелік жағынан қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыс түрлерін де орталық қызметкерлері ұйымдастырып жүр. Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясына қарауға ұсынылған терминдерге, атауларға, жеке сөздерге, сөз тіркестеріне және басқа да лингвистикалық сипаттағы жобаларға лингвистикалық сараптама жасау да орталық ғалымдарының еншісінде. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мен тіл саясатының мақсат-міндеттерін қалыптастыруға бағытталған «Терминологиялық хабаршы», «Ономастикалық хабаршы», «Тіл және қоғам» альманағы, «Туған тіл», «Балапан» журналдары басылып шығарылады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Еркеғали БЕЙСЕНОВ
Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz