Дара заңға дейінгі дана жол

Дара заңға дейінгі дана жол
Фото: baq.kz

Бүгінде Парламент қабырғасында Қазақстанның мүддесіне сай келетін, елді қорғайтын, халыққа қызмет ететін, өмірдің сан-саласының орнықты әрі тиімді дамуын қамтамасыз етуге ба­ғытталған заңдар қабылданып жатыр. Құқықтық мемлекет қа­лыптастыру жолында ол заң­дардың барлығының маңызы зор. Тарихқа көз жүгіртіп, бү­гінгі күнге дейін жүріп өткен құқықтық жолымызға зер салып қарасақ, ұлтымыздың дәстүрлі құқығы өте құнды рухани мұра екенін бағамдаймыз. Дала заңдары жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып отырған. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Сол дала за­ңының негізінде қабылданып жатқан бүгінгі күнгі заңдары­мыз да өз қызметін мүлтіксіз атқаруда. 

Әдет-ғұрып құқығы – құ­қық­тық жү­йенің тарихи тұң­ғыш түрі. Қазақтың дәстүр­лік құ­қығы дәстүрлік әдет-ғұрыпқа негізделген, соның негізінде қаланатын мате­риалдық әрі сот ісін жүргізу нормалары бар заң жиын­тығы еді. «Қасым ханның Қасқа жолы», «Есім ханның Ескі жолы», «Жеті жарғы» бүгінде Қазақстан Республикасы­ның Конституциясымен сабақта­сып жатқандай. Біле білсек, еліміздің дамуы жолында бұл дала заңдарының маңызы зор.

 

Дала заңдары қайдан шықты?

ХVІІ ғасырда Қазақ ханды­ғына жан-жақтан қауіп төніп, елдің ауыз­бірлігі әлсірей бас­тайды. Осы тұста Тәуке хан хандықты нығайтуға күш салды. Бұл үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажет болды. Тәуке хан қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның Қасқа жолы» мен «Есім ханның Ескі жолын» негізге алып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды.

Күлтөбенің басында Төле би, Қа­зыбек би, Әйтеке билер бас қосып, «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиын­тығын қабылдады. Халқымыздың ежелден заңға бағынған, тәртіпке бас иген ел болғанының бұл нақты айғағы.

Ол заманда ең көп таралған жазалау түрі құн төлеу болса, бүгінде – айыппұл

Сол замандағы заңдарға көз жі­берсек, жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған. Қылмыс­кер­дің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлше­рі өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Өлген адамның әлеуметтік жағдайы ескерілген, ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни, сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. Сұлтан не­месе қожаға тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. 

Дене мүшелеріне зақым келтір­ген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бар­мақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қай­тарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға те­ңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеу­меттік таптың құқықтары заң­дас­тырылғанын көреміз. Осы орайда айта кетер бір жайт, бүгінгі күні жем­қорлыққа байланысты эконо­микалық қылмыстардың айыппұл арқылы жа­заланып жатқанын ескерсек, бүгінгі заңдардың сонау дала заңдарымен тікелей астасып жатқанын байқай­-мыз.

«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін пай­да­ланып келді. Ал, кейбір заңдар Қа­зан төңкерісіне дейін қолданылды. Енді бүгінгі күні қабылданып жат­қан заң­дар халқымыздың бол­мы­сын сақтай отырып, еліміздің одан әрі дамуына арқау болуда. Хал­қымыздың құқықтық болмысын және мәде­ниетін толық игермей, оны өзі­міздің мемлекетіміз бен құқық­тық жүйеміздің алтын ар­қауы етпей, рес­публикамызда құқық­тық мемлекет құруымыз мүмкін емес.

Депутаттарымызды 50 заң күтіп тұр

Қыркүйек айының басынан бастап Мәжіліс пен Сенат депутаттары қай­тадан жұмысына кірісті. Көктемде ғана сайланған Мәжіліс небары үш ай жұмыс істеп үлгерген болатын. Осы сессияда Мәжіліс 13 заң жоба­сын мақұлдап, Парламент 12 заң жобасын қабылдады. Ал, Сенат 72 заңды қабылдағаны есімізде. Парламент қабылдаған құжаттардың қатарында жерді шетелдіктерге жал­ға беру мен ел азаматтарына аукцион арқылы сатуды жыл соңына де­йін тоқтату туралы заң да бар. Бірін­ші сессияда жалпы 3 бірлескен оты­рыс, Мәжілісте 12 және Сенатта 6 пле­н­арлық отырыс өттi. Парламентке 42 заң жобасы ұсынылған, оның 18-і өт­кен шақырылымнан ауысқан құ­жат­тар болса, 24 заң жобасы осы сес­сия жұмысы барысында түстi. Сон­дай-ақ, депутаттардың өздері 7 заң жобасына бастамашы болған. Сессия барысында Мәжiлiс 13 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберген. 

Енді демалып келген депутаттарды Жер туралы, Салық кодекстері, терроризмге қарсы күрес сынды ірі заң жобалары күтіп тұр. Парламент депу­таттарының алдында 50 заң жобасын талқылау міндеті күтілуде.

Қоғамның назары – «Жер туралы» заңда

Парламент қарауы тиіс заң жоба­ларының қатарында жер туралы заң да бар. Расында, көктемнен бері ха­лықтың назары жер туралы заңға ауып тұр. Мұны байқаған Елбасы да: «Жер реформасы бойынша құрылған комиссия біраз шаруа тындырды. Қоғамның көкейінде жүрген пробле­маларды талқылап, бұған дейін ес­керілмей келген көптеген кемші­лік­терді анықтады. Осыған байланысты бірқатар ұсыныстар әзірленді. Соның барлығы бөлек бір заңда көрініс тауып, Парламенттің қарауына енгізіледі. Шыны керек, бір қолға жүздеген мың гектар жерді бірден беріп тастауға болмайды. Біз осыны ескермей келдік. Әлем бойынша ондай тәжірибе жоқ. Біз болсақ бас кезінде жерді оңды-солды таратуға кірістік. Жерді алған әрбір адам оған жауап беруі керек. Жер ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі бар азаматтарға берілгені жөн. Оның білімі бар, тәжірибесі бар дегендей. Бізде болса кім көрінгеннің бәрі жерді алып алды. Қазір біз про­куратура арқылы ол жерлерді мем­лекетке қайтарып жатырмыз. Себебі, осы уақытқа дейін ол жерлерді қурай басып кетті», – деп мәселеге ерекше назар аударған еді. Сондай-ақ, ел басшысы Н.Назарбаев «Жер туралы» заңға ауыл шаруашылығы жерлерін тарату жүйесін жетілдіру, жерді тиімді пайдалануды бақылау мәселелерінің бұрын ескерілмей қалған тұстары бұл жолы назардан тыс қалмауы тиіс екенін ескертті. Ендеше, көптің талқысына түсіп, мәселесі күрделенген «Жер туралы» заң алдағы уақытта шешімін табар деген үміттеміз.

Ең бастысы – қауіпсіздікті сақтау мен қоғамдағы тұрақтылық

Өткен жылы «Жер туралы» заңмен қоса, «Еңбек туралы» заң, «Жол қоз­ғалысы туралы» заңдар да қоғамда кеңінен талқыға түсіп, ел назарын аудартса, биылғы жылы терроризммен күреске, педофилге қарсы бағытталған құқықтық құжаттар маңызды бола­тын түрі бар. Өйткені, қазіргі уақытта елі­міздегі қауіпсіздікті сақтау үшін заң­намалық негіздерді күшейту бі­рінші орында тұр. «Қазақстанға да басқа елдердегі сияқты террористік қауіп төніп отыр. Террористік әрекет­тердің салдарынан Ақтөбедегі жә­не Алматыдағы атыстардан ұлттық гвар­диядағылар, полициядағылар және бейбіт тұрғындар қаза тапты. Менің берген тапсырмам бойынша Мәжілісте экстремизм, терроризм, қарсы барлау қызметі, еліміздегі ақ­параттық қауіпсіздікті нығайтуға ба­ғытталған жеті заңнама енгізіліп жатыр. Ең бастысы – қауіпсіздікті сақ­тау мен қоғамдағы тұрақтылық», – деп мәселенің күрделі екенін Елбасы да атап өтті. 

Елімізде өлім жазасына бірнеше жылдан бері мораторий енгізілгенімен, террористік әрекеттерге деген ел наразылығы лаңкестерге өлім жазасын сұрауға ұласты. Сондықтан, алдағы уақытта Парламент қабырғасында өлім жазасын қолдану мәселесі қайта қаралуы әбден мүмкін.

Құжаттардың насихаты әлсіз

Заңның қабылдануынан бөлек, оның жұмыс істеуі, халықтың құлағдар болып, пәрменін сезінуі маңызды. Бұл жайында Нұрсұлтан Назарбаев: «Парламенттегілер заңнама не­гізін құру үшін Үкіметтегілермен бі­ріге отырып, қалай жұмыс істеуге бо­латыны жайлы ұсыныстарды айтуы керек. Заңнаманы құру жұмыстары барысында Үкіметтегілермен тығыз байланыста болу керек. Барлығы же­тілдірілуі керек. Сондай-ақ, заң­на­маны құру барысында тұрғын­дармен ақылдасып, комиссиядағылар тексеріс жүргізуге міндеттеледі. Меніңше, осы­ған дейін өткен тәжірибеміз алды­мен заңнаманы халыққа түсіндіру қажет екенін айтады. Халыққа жаңа қабылданған заңнаманың мақсаты мен тапсырмаларын түсіндіру үшін, әсіресе, Сенат пен Мәжілістегі де­путаттардың рөлін күшейту өте ма­ңыз­ды. Расында да, кез келген заң­ды алып қарасаңыз, ол қандай да бір мәселенің түйінін шешуге ба­ғыт­талады. Алайда, ол жұмыстар со­ңы­на дейін атқарылмайды. Ал, осы заңдар­дың не үшін қажет екенін қа­рапайым тілмен түсіндіру жағы біз­де жоқ. Ең алдымен басты назарды ха­лыққа аудару керек. Қабылданған заңнамалар халықтың әлеуметтік-эко­номикалық жағдайын жақсартып, аза­маттардың бизнесін дамыту сияқ­ты жұмыстарға бағытталуы қажет. Шын мәнінде заңдар сол үшін қабыл­данады», – деп атап өтті.

Шынында да, халықтың өз құқы­ғын, заңдарды толық білмеуінің салдарынан елімізде қабылданған заңдар жұмыс істемей жатады.

Шикіліктің сыры неде?

Жасыратыны жоқ, елімізде заң жобасының барлығы ресми тілде жазылады да, соңында мемлекеттік тілге аударылады. Өз алдымызға еге­мен ел атанғанымызға 25 жыл толса да, әлі күнге қалыптасқан жағ­дай осы. Қазақ тілінде жазылатын заңдар аударма құжаттың күйін кешіп отырғандықтан, көп жағдайда заңның қазақ тіліндегі нұсқасы шалажансар, қателікке толы болып жатады. Бұл да болса ана тіліміздің беделін түсіріп, қадірін қашыратын жағдай. 

Тиісті органдардағы мамандар­дың айтуынша, еліміздегі қабылдан­ған заңдар мен Президенттің жар­лықтарында орыс тіліндегі бір сөз қазақ тілінде төрт түрлі етіп ау­да­рылған. Оның бір себебі Термин­ком отырысының жылына бір-ақ рет оты­рыс өткізетін мардымсыз ша­ла-жансар тірлігі мен қабылдаған сөз­дердің Үкімет қаулысымен бекі­тіл­мегендіктен, заңды күшінің жоқ­ты­ғымен байланысты көрінеді. Әрі асы­ғыстық, ақсап жататынымыз тағы бар. Осыған орай, Елбасы «кезек күт­тірмейтін заңдар деп, былтырғыдай заңның сапасын жоғалтып алмайық» деп асығыстыққа жол беріп, заңның сапасына нұқсан келмеуін де қа­таң ескертті. Сондықтан, алдағы қа­был­данатын заңдар барлық жағынан сапалы болып, нағыз халықтың сұ­ра­ны­сындағы заңдарға айналуын тілейміз.

Жалпы, «әр елдің заңы басқа, ит­тері қара қасқа» болатыны бесе­не­ден белгілі. Алайда, біздің елдің заңдары бұл қағидаға бағынбай тұр. Яғни, заңдарымыздан еліміздің менталитетіне негізделген өз ерек­шелігі байқала бермейді. Себебі, олардың көпшілігі «жазылмайды», кө­бінесе «көшіріледі». Мұны жақын­да былтыр Мәжіліс төрағасы болған Қабиболла Жақыпов мырза да айтты. Үкімет тарапынан заң әзірлеушілер өзіміздің ұлттық заңнаманы ескер­мей, шетелдік заң нормаларын то­лық көшіре салатынын сынға алған Мә­жілістің экс-төрағасы «Дербес де­ректер туралы» заң жобасының көптеген нормалары ТМД-дағы бір елдің заң нормаларын тұтастай қай­талап шыққаны туралы дерек те кел­тірді. «Мұндай көшіру ұлттық заң­намамызға, оның ішінде Қазақстанның 7 кодексі мен 27 заңына қайшы кел­ген. Нәтижесінде депутаттарға заң жобасын толығымен қайта дайындауға тура келді», – деді спикер. Заңымызға қатысты мұндай сынның айтылуы абырой әпермесі анық.

Ұлттық ерекшеліктің ескерілгені орынды

Мамандар «заң ұлттың өз ерекше­лігін ескеріп жазылмаса, жұмыс істе­мейді» дейді. Демек, халықтың сұ­ранысы мен қалауын ескерген заңның болашағы зор. Осындайда еске тү­седі, біршама уақыт бұрын елімізде педофилдер саны күрт көбейіп кеткен кезде халық «педофилдерді өлім жазасына кесейік, ең құрығанда кас­т­рация жасайық» деп шулаған бола­тын. Сондай-ақ, жемқорлыққа ие бола алмай, ұрлық күрт дендеп кеткен кезде де халықтың тілегін орын­дап заңдарымызға өзгеріс енгізе қой­ма­дық. Ал, басқа елдер көшеде ше­міш­кенің қабығы күрт көбейіп кетсе де заңмен шегелеп, көпшілікті тәртіпке шақыра қояды. Ендеше, заң жазар­да ұлттық менталитетті ескеруге не кедергі?!

Ғабиден Жайлин, заңгер:

– Заңдарымыз көбіне орыс тілінде жазылады немесе алдымен орыс тілінде жазылып алып, сосын барып қазақ тіліне аударылады. Алдымен орыс тілінде жазылғаннан кейін аудармасының тілі жатық бола бермейді. Мәселен, Азамат­тық кодекстің орыс тіліндегі нұсқасы түсінік­ті. Ал, қазақ тіліндегі нұсқасының тілі өте ауыр. Грамматикалық қате өріп жүр, баяндауышы басында, бастауышы аяғында. Тілі түсініксіз болғаннан кейін Азаматтық кодекстің қазақ тіліндегі нұсқасын ешкім қолына да алмайды. Сондықтан, заңдарымыздың сапасы дұрысталсын десек, олардың ең алдымен нағыз қазақ тілді мамандар қолымен қазақ тілінде жазылуын талап етуіміз керек.

Жасыратыны жоқ, заңдарымызға қатысты кемшіліктер жетерлік. Олар қоғамымызда ашықтан-ашық айтылып та жүр. Бірақ, айтылып жүрген сындардан қорытынды шығарылып, олқылықтың орны толтырылар емес. Естуім бойынша, заңдарымыз іске қосылғанға дейін 4000-нан астам маман жұмыс істейді екен. Ендеше, сол 4000 маман жан-жақты талдап, олқылықтардың орнын толтырып, талапқа сай етіп жазып шығуы керек емес пе?! Сондықтан, бұл жерде заңдармен жұмыс істейтін мамандарға қояр талапты күшейтуіміз керек секілді. 

Негізі, заң мықты болса, қоғамда заңсыздықтар аз болады. Сондай-ақ, бізде заңдар ұлттық ерекшеліктерімізді, қоғамның сұранысын ескере бермейді. Әрине, басқа елдерден көшіріп алына салған заң халықтың қалауына сай жұмыс істемейді. Сондықтан, жемқорлыққа қатысты қылмыстардың көбеюіне орай бізде де жемқорлыққа қатысты жазаны ауырлатса, кеселдің алдын алуға мүмкіндік туар еді. Ең болмаса басқа елден көшіріп алынған заң өз еліміздің сұранысына сай қайта бейімделіп жазылса екен. Заң қоғамды тәртіпке шақырушы күш екенін ескерсек, көптеген қызықты деректерге кездескенмен, олардың барлығы қоғам талабынан туындағанын түсінгенде еш олқылық байқамайсың. Бізге де өзге елдерден осы тұрғыда үлгі алу артықтық етпейтін секілді.

Ерлан Жұрынбаев, заңгер:

— Әрине, заңның қоғам сұранысын ескере отырып жазылғаны дұрыс. Мәселен, Сингапурде көшенің тазалығы соншама — егер біреудің көшеде сағыз шайнап жүргенін көрсе 400 доллар айыппұл салады. Бізде сағыз шайнап жүргенімен қоймай, оны қоқыс салатын жәшікке де тастамайды.

Жаны бар сөз, әрине. Айта кетер жайт, заңгер келтірген мәліметтердің ішінде маған Канадада маңдайшалардағы барлық жазулар француз тілінде жазылуы керектігі ұнады. Заң бойынша егер фирманың иесі ағылшынша жазғысы келсе, ағылшын әрпі француз әрпінен екі есе кіші болуы тиіс екен. Басқа тілде жазуға заң қайшы. Үлгі аларлық дүние. 

Біздің елімізде тіпті кейбір сауда орындарынан қазақ тіліндегі нұсқасын таба алмайтынымызды ескерсек, еріксіз оларды заңнан басқа қандай жолмен тәртіпке шақыруға болады деп бас қатырасың. Әрине, тек қатаң заң керек. Сондай-ақ, Таиландта ұлттық ақшаны, тиынды басуға болмайтыны туралы заң шыққан екен. Өйткені, олардың ақшаларында патшаларының суреті басылған. Біздің елімізде де елтаңбамыз басылған 1-2 теңгеліктердің автобустардың кіреберісінде, көшенің қалтарыстарында шашылып жататынын ескерсек, осындай мықты заңның керек екенін түсінесің. Мәселе 1-2 теңгеліктердің керексіз болғандықтан шашылып жатқанында емес, сол ұлттық теңгенің бір бетіндегі елтаңбаға деген құрметте. Осыны көпшілікке ұғындыру үшін тиынды таптағанды неге заңға сай тәртіпке шақырмасқа?! Халық заңға бағынып, заң жұмыс істесін десек, бәлкім, біздің елімізге де қоғамның сұранысына құлақ түру керек шығар.

Қалдар Көмекбаев

T. Кіршібаев