Алматы облысындағы Кеген ауылының жастары "Жерұйық" атты қайырымдылық қорын ашып, ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосып жатыр. Құрылғандарына үш ай уақыт өтсе де, ұйым екі отбасыға пәтер сыйлап үлгерген. Tengrinews.kz тілшісі ұйымының ұйымдастырушысы Аслан Әшімовпен тілдесті.
Екі отбасыға пәтер сыйлаған
Ұйым мүшелері бүгінде дейін түрлі шаралар өткізіп, ауылдың мұқтаж отбасыларына пәтер алып берген. "Өзіміз арнайы комиссия құрып, ауылда пәтерге мұқтаж отбасыларды аралап, екеуін таңдап алдық. Сөйтіп, сол екі отбасыға пәтер сатып әпердік. Пәтердің біреуі Айтақын Есқожаев деген кісіге берілді. 2 жыл бұрын оның үйі өртеніп, өрт ішінде әйелі мен екі баласы қаза тапқан еді. Ал тағы бір пәтер Алпыс Сатаев деген тұрғынға берілді. Ол - жалғыз басты әке. 4 баласымен бірге осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген еді", - дейді Аслан Әшімов. Үйлерді ауылдың 1982 және 1985 жылғы жігіттері сатып алып берген. Енді, бұл шара әр жылғы жігіттерге алма-кезек тапсырылып, мұқтаж отбасыларға үй алып беруді жоспарлап отыр.
Ауыл әр мерекені дүркіретіп өткізетін болды
Қайырымдылық қоры биыл 9 наурызда құрылған. Сол күні ашылу салтанатын өткізіп, ішімдік пен нашақорлыққа қарсы акция ретінде ерлер арасында жүгіруден марафон ұйымдастырған. Әшімовтің айтуынша, Наурыз мерекесінде ұйым мүшелері "Көже шақырады" акциясын өткізіп, ауыл тұрғындарына дастархан жайған. Ал балаларға тегін балмұздақ таратқан. "Көктем мезгілі болған соң ауылды көгалдандыру мақсатында 600 тал мен терек ектік. Сондай-ақ, сәт сайын мұқтаж адамдарға ақшалай көмек көрсетіп тұрамыз. Танымал спортшы Ардақ Назаровты ауылымызға шақырып, жастармен кездесу өткіздік. Ал, Ораза айында ауылдың жағдайы төмен 40 отбасына азық-түлікпен көмек көрсеттік", – дейді Аслан Әшімов.
Жақында өткен Ораза айт кезінде ұйым ауыл ішінде үлкен мереке ұйымдастырған. 1000-ға жуық балаға тегін балмұздақ, попкорн мен тәтті мақта табысталып, алтыбақан, әткеншектер тігілген. Мүмкіндігі шектеулі 40 балаға арнайы сыйлықтар берілген. Үлкендер мен балалар арасында спорттық жарыстар өткен.
Ай сайын 4-5 миллион теңге жиналады
Аслан Әшімовтің айтуынша, Кеген ауылындағы 3 мектептің түлектері жиналып, арнайы қор ашуды жөн деп шешкен. Ұйымға ауылдың 1979 жылдан бастап 1996 жылғы азаматтары кіреді. Жігіттердің бәрі қосылғанда ай сайын 4-5 миллион теңгедей жиналады.
"Бізде ешқандай демеуші жоқ, іздеген де жоқпыз. Қорымыздың демеушілері - осы ұйым мүшелері, яғни ауылдың 1979-1996 жылғы жігіттері. Олардың көбі басқа қалаларға көшіп кетіп, сол жақта жұмыс істеп жүрсе де, туған жері Кегеннің көркеюіне атсалысып жүр", - дейді қордың ұйымдастырушысы.
Кеген жастары енді осы бастамаларын әрі қарай да дамыта түспек. Алдағы уақытқа бірнеше жоспар да құрып қойған. "Ауылдағы жағдайы төмен тұрғындар өз істерін жүзеге асыру үшін қажетті құрал-жабдықтарды алып беріп, ақшалай көмек көрсетеміз. Мақсатымыз - ауылды көркейтіп, тұрғындардың өмірін жақсарту. Алдағы уақытта ауыл тазалығын сақтау үшін қоқыс таситын автокөлік сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, ішімдік пен нашақорлыққа қарсы түрлі акциялар ұйымдастырамыз. Ауылдағы сиырларды бағатын арнайы адам жалдап, жалақысын беріп отырамыз", – дейді Аслан Әшімов.
Кеген жастары осы ұйым арқылы еліміздің басқа да тұрғындарына үлгі болуды қалайды. Олар әр ауылдың жастары біріксе, туған жерлерін гүлдендіре алатындарына сенімді.
Айта кетейік, Tengrinews.kz "Батырлар біздің арамызда" жобасын бастады. Жобада батылдық танытқан, адамдарды қауіпті жағдайдан алып шыққан, өлімге араша болған, қиналып жатқандарға көмекке барғандар, сондай-ақ оларды аяққа тұрғызғандар жайлы мақала жарияланады. Сіздер, оқырмандар осы айдардың авторы бола аласыздар. Ерлік жасаған қарапайым адамдар жайлы оқиғаларды мына электронды поштаға жолдай аласыздар: geroi@tn.kz.
Жоба ERG компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр.