Бүгін, 25 қазан – Республика күні. Бұл мереке 1992 жылдан 2009 жылға дейін 17 жыл тойланып, кейін үзіліп қалды. Енді, міне, 13 жылдан кейін мереке қайта оралды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнін қайтарып, оған ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынды.
Қыркүйекте Қазақстан Республикасының парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға түзетулер енгізіп, "25 қазан Республика күні" – ұлттық мереке, ал "16 желтоқсан Тәуелсіздік күні" – мемлекеттік мереке деп танып, бекітті.
25 қазан Республика күні – Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданған атаулы күннен пайда болған күн. Бұл – халқымыз тәуелсіздік алуға деген алғашқы қадамы болатын. Сол уақытта Кеңес құрамындағы Қазақ кеңестік социалистік республикасы өзін егемен ел атануға дайын екенін білдіріп құжат қабылдады.
Кейін тәуелсіздік алған жылдары "Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек" деген ұран шықты. Содан 1992 жылы мемлекеттік мереке ретінде бекітілді.
2009 жылы мереке ретінде алынып тасталғанның өзінде халық бұл мерекені бейресми атап өтіп жүрді. Ұмыта қоймады. Керісінше, мерекені қайтару керек деген ой қоғамда көп айтылды.
Ендеше қайта оралған мерекеміз құтты болсын!
Тәуелсіздіктің белгісіне айналған "Республика күні" барша қазақстандыққа құт-береке әкелсін! Еліміз егемен, халқымыз – бай-қуатты болғай! Бірлігі бекем, ертеңге деген сенімі жоғары, егемендігі мәңгілік болғай!
Massaget.kz порталы барша Қазақ елін жаңа төл мерекесімен құттықтайды!