Білікті маман даярлау – уақыт талабы

Білікті маман даярлау – уақыт талабы
Фото: hrdir.ru

Еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Осынау мерейлі мерекені лайықты табыстармен қарсы алуда күллі қазақстандықтар секілді іргетасы сонау өткен ғасырдың 30-жылдары қаланған, инженер кадрларын даярлауда бай тарихы бар Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушылары мен студенттер қауымы да ерекше серпіліс танытуда.

ҚазҰТЗУ – бүгінгі таңда еліміздің ірі ғылыми және білім беру орталығына айналып отыр. Материалдық-техникалық базасы нығайған, шетелдік әріптестерімен халықаралық ынтымақтастық байланысты дұрыс жолға қоя білген сапалы да білікті кадрларды тәрбиелеуге барлық мүмкіндігі бар оқу орны. Аталмыш білім орнының жаңа ғылыми – зерттеуі мен инновациялық кластері 2015 жылы «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық ғылыми-зерттеу университеті» акционерлік қоғамы болып қайта құрылғаннан бастап өмірге батыл енгізіле бастады. 

Қазақ-Британ техникалық университетімен екі ірі техникалық оқу орындарының базалық бірігуі негізінде ірі ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Нақтылай айтқанда, ғылыми орталықтың негізгі тұжырымдамасында өндіріс орындарымен тығыз қарым-қатынас, байланыс орнату көзделген. Уақыт талабына сай жүзеге асырылған осы оңтайландыру бір жағынан, тұтастай алғанда, ғылым мен білім саласына жұмсалатын мемлекеттік шығыстарды төмендетуге қол жеткізсе, екінші жағынан, екі оқу орнының да ұтқыр, тиімді жақсы жақтарының бірігуіне мүмкіндік туды. Политехникалық университеттің бұрыннан жинақталған бай материалдық базасы енді Казақ-Британ техникалық университетінің студенттері үшін де қолжетімді болды.

Қазақ-Британ университетінің студенттері бұрыннан халықаралық стандарттарға сай тек ағылшын тілінде оқытылса, енді Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің студенттері де ағылшын тілінде білім алуға біртіндеп көшетін болады. Айта кетер жайт Қазақ-Британ техникалық университетінің студенттері мемлекеттік гранттан босатыла бастаса, бұл грантқа енді Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің студенттері көбірек қол жеткізбек.

Жуырда оқу орнының ректоры, профессор Ескендір Бейсембетовтің ұсынысымен университеттің оқытушылары мен студенттерінің кеңейтілген кеңесі өткен болатын. Осы басқосуда сөз алған ректор еліміздегі техникалық екі оқу орнының біріктірілуінің қажеттілігі жайлы, білім сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айта келіп: «Қазіргі кезеңде білім беру саласын түбегейлі өзгерту мәселесі кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Біз жаңа ғасырда өмір сүріп жатқандықтан, білім беруде уақыт талабына сай жаңа жүйемен, жаңарып тұруы керек. Осыған қарай ұстаздарға төленетін жалақы мөлшері де, оларға қойылатын талап та жоғарылай түседі. Таяу күндері Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ұстаздарының еңбекақысын Қазақ-Британ техникалық университеті ұстаздарының жалақысымен теңестіру ойымызда бар. Осыған байланысты ұстаздар толықтай менің бұйрығыммен құрылған жұмысшы комиссияның бақылауынан өтіп, білімі мен біліктілігі төмен ұстаздар қысқартылды», деп атап өтті. Расымен де, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауда интеграцияланған бірлескен ғылыми-білім беру құрылымын дамыту қажеттілігі алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибеде әлдеқашан дәлелденген. Өндірістегі технологиялық өзгерістер, оған жаңа ғылыми жаңалықтарды енгізу еліміздің экономикасының қарыштап дамуына ықпал етеді. Бұл жағдай мемлекет басшысының инженерлік-техникалық кадрларды даярлауды барынша дамыту туралы талабына сай келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институционалдық реформасын» жүзеге асыру бағытындағы белгіленген «Ұлт жоспары – «Нақты 100 қадам» бағдарламасында жоғары білім беру орындарына төмендегі міндеттер жүктегені белгілі. Бірінші, бұл – адам капиталының сапасын жақсарту (76 қадам); екінші, экономиканың негізгі алты саласында кадрлар даярлауды кеңейту (77); үшінші, оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту (78); төртінші, оқу орнын бітірген кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экспорттық білім беру әлеуетін арттыру; ағылшын тілін оқытуға кезең-кезеңмен көшу (79); бесінші, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру (64). Міне, осылайша әлемдік тәжірибені ескере отырып жұмыс жүргізетін Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дің айрықша назар аударатын бағыты инновациялық өндіріс принципін жүзеге асыру болмақ. Осы ретте, сапалы оқытуға, зерттеу, инновациялық бағыттағы өндірістерді арттыруға, PhD докторлары мен магистрлерін талаптағыдай әзірлеуге басымдық беріледі. Сонымен бірге оқу орнында ғылымның сан салалы бағыттарына, экономикадағы жоғары технологиялар мен инновацияға кең жол ашылады.

Бұл орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015-2019 жылдарға арналған «Индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасы» еліміздің экономикасын қарқынды дамытудың көзі болып отырғанын баса айтқанымыз жөн. Неге десеңіз, аталмыш бағдарламаны жүзеге асырудың басты тетігі маман кадрларға байланысты. Әрі бағдарламаны жүзеге асыру кезеңі – қазіргі жаңа экономикалық саясат жағдайында кәсіпорынның алдына қойған ғылыми жобаларын, биік міндеттерін жүзеге асыруда зор серпіліс әкеледі. Осыдан да алдыға қойылған міндеттерді инновациялық жүйе арқылы ғана шешуге болатыны байқалады.

ҚазҰТЗУ-да кәсіпорындардағы маман-кадрлардың жетіспеушілігінің алдын алу мақсатындағы құрылған заманауи біліктілік Орталықтарында даярланатын мамандардың кәсіптік шеберлігін жақсарту бағытында дуалдық білім беру жүйесін дамыту міндеті алға қойылды. Дуалдық білім беру жүйесінде болашақ жас маманға өндіріс орындарында бірден жұмыс істеп кетуіне мүмкіндік беру үшін білім мен практиканың арасында тығыз байланыс орнатылады. Сөйтіп, білім беру өндіріс орнының сұранысына тікелей жақындай түседі, ол үшін жұмыс берушілердің өздері қажетті маман даярлау ісіне қатысады, қажетті техникалық кадрлар даярлаудың мүмкіндігі кеңейтіледі. Еліміздің өндіріс орындарындағы қызметкерлерді даярлау үшін магистратурада арнайы «инженерлік-техникалық қызметкер» мамандығы енгізіліп жатыр.

Еліміздегі ең басты техникалық жоғары оқу орны ретінде біздің Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да өнеркәсіп салалары қажеттіліктеріне бағытталған базалық «Инновациялық технологиялар мен құрал-жабдықтар және машина жасау», «мұнай химиясы және мұнай өңдеу», сондай-ақ «өндірістік процестерді автоматтандыру», сенімді білім беру бағдарламалары әзірленді.

Жасақталып жатқан жаңа бағдарламаға сәйкес қатысып және маман-кадрлар даярлауға мән беріп жатқан әріптес кәсіпорындарға талдау жасау көрсеткішіндегі ҚазҰТЗУ-дің түлектері еңбек ететін тізімде «Қазақмыс», «Қазмырыш», «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақстан Алюминийі» «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы , «Атырау мұнай өңдеу зауыты», РД «Қазмұнайгаз», «Қазтрансгаз», «Қазтрансойл», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қазақстан инжиниринг Ұлттық компаниясы» және Петропавл ауыр машина жасау зауыты, Алматы ауыр машина жасау зауыты, «Локомотив құрастыру зауыты», Кентау трансформатор зауыты секілді еліміздің ірі-ірі компаниялары мен кәсіпорындарын көруге болады. Бүгінге дейін еліміздің барлық аймақтарынан 300-ден астам өндіріс орындарымен осындай келсімшарттар жасалған. Олар 70-тен астам түлекке қызмет ұсынуда. Бір жағынан, оқу орны тарапынан магистранттарды жұмысқа орналастыру бағытындағы үлкен жұмыс атқарылса, екінші жағынан, өндірістің барлық салаларындағы білікті мамандарға деген қажеттілік шешімін табады.

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту мен ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға орай, ғылым мен инновацияда жоғары көрсеткіштерге ықпал еткен ғылыми-техникалық базасы жақсартылды, жаңа жүйе іске қосылды. Өтіп бара жатқан жыл – университет үшін маңызды оқиғаларға, толайым жетістіктерге толы жыл болды. Ең есте қаларлығы әрі маңыздысы – еліміздегі екі жетекші оқу орнының қосылуы. Қазір университетте студенттерді әлемнің үздік университеттерінде (АҚШ, Франция, Италия, Польша, Корея, Ресей, Малайзия) оқыту үшін жағдай жасалған. Мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында білім беру жүйесінде жаңа формалар мен әдістерді қолдана отырып, ақпараттық және коммуникациялық технологиялық оқыту әдісі енгізілді. Маман-кадрларды даярлаудағы жүргізілген кешенді, жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде ҚазҰТЗУ бүгінгі күнде өз елімізде және шетелдерде үлкен сұранысқа ие XXI ғасырдың көшбасшылары – жаңа формациядағы инженер-кадрларын даярлауда шын мәнісінде үлкен мектепке айналды.

ҚазҰТЗУ-да еліміздің және алыс-жақын шетелдердің белсенді жастарын біріктіру, шығармашылық достыққа қол жеткізу мақсатында жастардың студенттік бірлестіктерінің форумдарын өткізу дәстүрге айналды.

Соңғы жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы аясында да біраз шаралар батыл қолға алынуда. Алдағы жылдары білім орны толықтай ағылшын тілінде білім беруге көшуді жоспарлап отыр. Оған дайындық ретінде, жуырда «English club» клубы ашылды. Аталмыш клуб студенттерге сабақтан тыс мезгілде тегін ағылшын тілін еркін меңгеруіне жол ашады. Қазірдің өзінде бұл клубта 500-ден астам студент белсене қатысып, ағылшын тілінде өткізетін барлық шараларға ұйытқы болып жүр. Сол сияқты, мемлекеттік тілдің де барынша қанат жаюына жағдай жасалған. Көптеген оқулықтар ұстаздарымыздың бастамасымен қазақ тілінде аударылып, оқу орнының баспаханасы арқылы студенттер қолына жеткізілген. Жалпы студенттердің 90 пайызы өзіміздің қаракөздеріміз.

Дегенмен, оқу орнында түйіні шешілмеген мәселелер де баршылық. Ол – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі. Мұнда білім алып жатқан жастардың дені еліміздің түкпір-түкпірінен, әсіресе алыс ауылдық жерлерден білім іздеп келгендер. Оларды жатақханамен толық қамту қиынға соғып тұр. Дегенмен, барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Қазір оқу орнында 11 мыңнан астам студент білім алып жатса, соның бірқатарына жатақхана жетіспейді.

Бүгінде Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы, көрегендігі мен қамқорлығының арқасында Қазақстанымыздың негізі – елімізде инновациялық жаңа тұрпатта ойлай алатын ұрпақ тәрбиелеуде оған қажетті заң шығарушы органдар, қаржылық және инфрақұрылымдық дамытуға арналған база толық жасақталған десек те болады.

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дің айрықша назар аударатын бағыты инновациялық өндіріс принципін жүзеге асыру болмақ. Осы ретте, сапалы оқытуға, зерттеу, инновациялық бағыттағы өндірістерді арттыруға, PhD докторлары мен магистрлерін талаптағыдай әзірлеуге басымдық беріледі. Сонымен бірге оқу орнында ғылымның сан салалы бағыттарына, экономикадағы жоғары технологиялар мен инновацияға кең жол ашылады.

Марат ӘБДІХАЛЫҚ, Серікжан ҚАЖИ,

Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дің баспасөз қызметі

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz

Б. Қанатұлы